Медицина, физиология бойынша Нобель сыйлығы иегерлері анықталды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Мэри Брункоу, Фред Рамсдел, Симон Сакагути / Фото: Nobelprize.org

2025 жылғы физиология және медицина саласындағы Нобель сыйлығы иегерлері анықталды. Оны америкалық ғалымдар Мэри Брункоу мен Фред Рамсделлге, сондай-ақ жапон зерттеушісі Симон Сакагутиге берді. Бұл туралы Нобель комитеті хабарлады.

«Олар адам ағзасына иммундық жүйенің өзі зиян келтірмеуін қамтамасыз ететін шеткі иммундық толеранттыққа қатысты революциялық жаңалықтары үшін марапатталады», – деп жазылған комитеттің ресми хабарламасында.

Шеткі иммундық толеранттық – иммундық жүйедегі маңызды тетік.

Кейде аутоиммундық ауру кезінде иммунитет өз ағзасындағы жасушаларға шабуыл жасайды. Шеткі иммундық толеранттық соны болдырмай, аутоиммундық аурулардың алдын алады. Ал онымен айналысатын ағзадағы Т-лимфоциттер (Tregs). Америкалық және жапон ғалымдары осы Т-лимфоциттерін анықтады.

Олар 1990 жылдардың соңында бір-бірінен тәуелсіз түрде реттеуші Т-лимфоциттерді (Tregs) зерттеп, аутоиммундық аурулардың алдын алуда шешуші рөл атқаратынын дәлелдеді. Сол зерттеудің негізінде иммундық жүйе жасушаларды «өзінікі» және «бөтен» деп қалай ажырататыны белгілі болды. Tregs-тің қызметін ашу көптеген аутоиммундық аурулардың табиғатын түсіндіруге мүмкіндік берді және 1-типті қант диабетін, склерозды және қатерлі ісікті емдеудің жаңа тәсілдеріне жол ашты.

Медицина, физиологиядан бөлек химия, физика, әдебиет, экономика ғылымдары үшін де Нобель сыйлығы беріледі. Сондай-ақ қоғамда бейбітшілік орнатуға үлес қосқан адамдар немесе ұйымдарға да Нобель сыйлығы тағайындалған. Биыл Ақ үй ресми түрде бұл марапатқа Дональд Трампты ұсынды.

Сондай-ақ оқыңыз