Жаңалықтар

Қазақстандағы әуежай табысының 97%-ы Алматы мен Астанаға тиесілі

Международный аэропорт Алматы
Алматы халықаралық әуежайы / Фото: ашық дереккөзден

Қазақстандағы ірі он әуежайдың ішінде Алматы (ALA), Астана (NQZ) және Қарағанды (KGF) әуежайлары негізгі үлесті алып отыр. Бұл туралы қаржылай есептерге сүйене отырып Kursiv Research жазады.

Жолаушылар тасымалы

2024 жылы Қазақстан әуе көлігімен 14 миллионнан астам жолаушы тасымалданды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 9%-ға көп. ҚР Көлік министрлігінің дерегінше, өткен жылы ел әуежайлары 30 миллион жолаушыға қызмет көрсеткен.

Әуе индустриясы 2020 жылғы пандемиядағы құлдыраудан кейін қарқынды өсуді жалғастырып келеді. Соңғы жылдары қазақстандық және шетелдік әуе компаниялары жаңа бағыттар мен рейстерді іске қосып, табыс пен пайда көлемін айтарлықтай арттырды. Тұрақсыз сегмент саналатын жүк тасымалы да өсті: әуе көлігімен тасымалданған жүк көлемі +16%, ал жүк айналымы +21% артты.

Әуежайлар табысы

Kursiv Research зерттеуінде бірден көзге түсетіні – компаниялардың табысы да, пайдасы да тең бөлінбеген. 10 әуежай ішінде Алматы халықаралық әуежайы (ALA), Астана әуежайы («Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы»; NQZ) және Қарағанды әуежайы («Сарыарқа»; KGF) әуежайдың 92% кірісін және 97% таза пайдасын өздерінде шоғырландырған.

Бұған бірінші кезекте жолаушылар тасымалы себеп деуге болады. Ресми статистикаға сәйкес, 2024 жылы әуе көлігімен Қазақстанда тасымалданған барлық жолаушылардың 64%-ы Алматы мен Астана әуежайларының үлесіне тиесілі.

2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы әуежайлардың табыс көлеміне қарай ТОП-10 рейтингі

ОрынӘуежайТүсім, млн теңгеТаза пайда (шығын), млн теңге
1Алматы244 95726 884
2Астана52 1801 239
3Қарағанды9 370(912)
4Шымкент7 900131
5Ақтау6 055617
6Атырау4 067168
7Ақтөбе3 46861
8Өскемен2 299(91)
9Қостанай1 361(35)
10Тараз942(104)

*Орал және Петропавл әуежайлары қоғамдық мүдделі компанияларға жатпайтындықтан есепке алынбаған.

Дереккөз: компаниялардың қаржы есебі

Әуежайлар шығынмен жұмыс істейді

2024 жылдың өзінде елдің ең ірі әуежайларының қатарында да шығынға жұмыс істеген кәсіпорындар бар. Рейтинг соңына қарай мұндай әуежайлардың саны арта түседі.

Оған басты себеп – әуежай қызметтеріне белгіленген тарифтердің шығындарды жаппауы. Бұған ұшып-қону, авиациялық қауіпсіздік, ұшақтарға тұрақ беру және жерүсті қызметтері кіреді.

ACI Europe дерегінше, Алматы мен Астана әуежайларындағы бір жолаушыға алынатын алым ішкі рейстерде ең төменгі деңгейде, мысалы Мәскеудегі Шереметьеводан екі есе арзан. Әуежайлардың табысын сыртқы бағыттар сақтап тұр, бірақ топ-5-тен өзге әуежайларда халықаралық жолаушылар ағыны өте аз.

Соңғы жылдары әуежай табысының негізгі бөлігі авиотын сатудан түседі, ол әуежай кірісінің 25-75%-ын құрайды. Пайда шетелдік әуе компанияларына отын сатудан келеді, ал қазақстандық тасымалдаушыларға арналған отын бағасы мемлекет тарапынан реттеледі.

Айта кетейік, 2025 жылы Тоқаев халықаралық әуе байланысын күшейтуді тапсырған.  Ол алдағы уақытта әуе арқылы жүк тасымалын дамытып, Қазақстанды аймақтағы жетекші авиациялық хабқа айналдыру міндеті тұрғанын айтты.