
Талдықорғанда 7 қазаннан бастап жылыту маусымы басталады деп хабарлайды қала әкімдігі.
Ең алдымен жылу мектеп, балабақша, аурухана тәрізді әлеуметтік маңызы бар нысандарға беріледі.
Қала бойынша жылу жүйесімен 750 көпқабатты тұрғын үй, 1 285 жеке тұрғын үй, 210 бюджеттік ұйым және 1 322 коммерциялық нысан қамтылады.
«Жылу беру жұмыстарына байланысты барлық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, жылу батареяларын мұқият тексеріп, негізгі талаптарды орындауларыңызды сұраймыз», – деп ескертеді әкімдіктен.
28 қыркүйектен бастап Астанада, 6 қазаннан бастап Таразда жылу беру маусымы басталды.
Әзірге Алматыға қашан жылу берілетіні хабарланған жоқ. Әкімдіктің түсіндіруінше, даладағы температура +8°С немесе одан төмен болып сақталса, бес тәулік ішінде жылыту маусымын бастау туралы шешім қабылданады.