Банк пен қаржы

125 мың доллар: биткоин тағы бір тарихи межені бағындырды

Криптовалюта туралы заң жобасы АҚШ сенатына өтті / фото: shutterstock
Фото: shutterstock

Әлемде геосаяси ахуал нашарлаған сайын, алтын мен криптовалюталар құны жоғарылап жатыр. Өйткені инвесторлар активін аман сақтап қалудың амалын іздеп, сенімді қаржы құралдарын көптеп сатып алады. Соның арқасында биткоин (BTC) тағы бір тарихи межені бағындырды.

Айналдырған бір аптаның ішінде бірден 10 мың долларға қымбаттаған BTC құны жексенбі күні 125 мың доллардан асты. Биткоин осындай биік межеге алғаш рет көтеріліп отыр. Биыл жазда оның 120 мың долларды бағындыруының өзі қаржы саласында елеулі оқиғаға баланған.

Криптовалюталардың төресі – Bitcoin қазір шамамен 124 мың доллардың шамасында саудаланып жатыр. Құны көтерілген сайын, оның нарықтағы жалпы капиталы да арта түседі. Қазір ол 2 трлн 469 млрд 608 млн доллардан асып тұр.

Биткоин ғана емес, басқа да криптовалюта түрлерінің де бағасы көтеріліп жатыр. Мәселен, эфириум (ETH) қазанда шамамен 10%-ға қымбаттады. Қазір ол 4576 доллар шамасында саудаланады. Тамыздағы тарихи рекордынан (4829 )әлдеқайда төмен, десе де соған қарай қайтадан өрлеп келеді.

Бұл уақытта алтынның бір унциясының бағасы 4 мың долларға жақындап қалды. Қазір құнды металл 3 941,41 доллардан саудаланып жатыр.