Жаңалықтар

Бестеректе көлік қаққан төртінші бала да қайтыс болды

Қайғылы оқиға болған орын / фото: Kursiv.Media, Делия Айдарәлиева

Абай облысы, Үржар ауданына қарасты Бестерек ауылындағы жол апатынан зардап шеккен тоғыз жастағы қыз қайтыс болды. Ол шағын ауылдағы апаттан көз жұмған төртінші бала.

Үржар аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Мадина Ноғайбаеваның Kursiv.Media тілшісіне хабарлауынша, оқушы қыз жол апатынан кейін комада болған. Жағдайын жақсарту мақсатында оны ауданнан Семей қаласына жеткізген. Алайда бала ауыр қалден шыға алмай, ауруханада көз жұмды.

Естеріңізге сала кетейік, 19 тамызда Toyota көлігін басқарған адам екі отбасының балаларын қағып кеткен. Бір отбасы осы оқиғадан үш баласынан айрылды. Екінші отбасы үш жастағы құлыншағын жерледі, ал Айерке мен Ерәділ есімді екі балалары аман қалды.

Жол апатынан қатты зардап шеккен бұл екеуін санавиациямен шұғыл түрде Астанаға жеткізген. Астаналық дәрігерлер олардың бетін бері қайтара алды. Бірінші болып Ерәділ есін жиды. Одан соң оның қарындасының да жағдайы жақсарды. Екеуі де ауруханадан шығап, үйге оралды.

Осының алдында Kursiv.Media тілшілері Бестерек ауылына барып, оқиға болған орынды көрген.

Биыл жазда Toyota Camry жүргізушісі көлікті басқара алмай, тұрғын үйдің қоршауына соққан. Оның қасында отырған алты бала көлік астында қалған.

Көлік жүргізушінің ұлы Ерқанат Серікұлының айтуынша, жол апаты болған уақытта оның әкесінің жүрегі ұстап қалған. Кейін Аңсабаевты жүргізуші куәлігінен айыру туралы іс сотқа түскені мәлім болды.