
Blue Origin компаниясы New Shepard ғарыш кемесінің ұшатын уақытын жариялады. Экипаждағы алты адамның құрамында Дана Қарағұсова да бар. Ол ғарышқа самғайтын алғашқы қазақ қызы атанады.
Миссияның ұйымдастырушы компания мәліметінше, New Shepard сәрсенбі, 8 қазанда, Батыс Техастағы №1 ғарыш айлағынан әуеге көтеріледі. Ол Астана уақытымен кешкі сағат 18.00-де ұшады. Компания сайтында ғарышқа сапар тікелей эфирде көрсетіледі. Ол ұшудан 30 минут бұрын басталады.
Бұған қоса, компания NS-36 миссиясының ресми таңбасын да таныстырды. Қарағұсова оған Қазақстан тауларының кескінін қосқан.
«Қазақстан таулары Дана Қарағұсова үшін ерекше мәнге ие. Ол асқар тауларды өзінен де биік қояды», – деп түсіндірді Blue Origin қазақ қызының ерекше таңдауын.
Алатау бөктерінде өскен Дана альпинизммен де шұғылданатыны мәлім. Ол Килиманджаро, Эльбрус тауларын бағындырған.
Қарағұсовамен бірге ғарышға кәсіпкер Джефф Элгин, инженер Клинт Келли III, стартаптар негісіз қалаушы Аарон Ньюман, украин кәсіпкері Виталий Островский және тағы бір жолаушы көтеріледі. Ол аты-жөнін құпия ұстауды жөн көрді. Дегенмен миссияның арнайы белгісінде Льюис есімді алтыншы бір азамат бар.
New Shepard көкке еш қиындықсыз көтерілсе, Қарағұсова ғарышқа ұшқан алғашқы қазақ әйелі атанады. Бұған дейін Kursiv.Media 43 жастағы Дана Қарағұсованың кім екені туралы жазған.