Жаңалықтар

Тағы бір қытай компаниясы Ақтөбеде зауыт салып жатыр

Фото: shutterstock

Ақтөбе облысының Алға ауданында ірі цемент зауытының құрылысы басталды. Жоба құны – 120 млрд теңге. Оны West China Cement ірі қытай цемент компаниясымен бірге жүзеге асырып жатыр.

Кәсіпорын жылына 2 миллион тонна цемент өндіруге қауқарлы. Нысан құрылысы 2026 жылдың соңына қарай аяқталады деп жоспарланған.

Жобаға мыңға жуық жұмысшы тартылды. Қазір инженерлік желілер орнатылып, қызметкерлерге арналған жатақхана құрылысы жүріп жатыр. Ал зауыт іске қосылғанда, кәсіпорында 500 тұрақты жұмыс орны ашылады.

«Осы жоба цемент импортына тәуелділікті азайтып, ішкі нарықты құрылыс материалдарымен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ең бастысы – құрылыс кестеге сай және барлық технологиялық талаптарды сақтай отырып жүргізілуі қажет», – деді облыс әкімі Асхат Шахаров.

Өңір басшысының айтуынша, жоба өңір өнеркәсібін арттырып, инфрақұрылымды дамытуға және облысқа қосымша инвестиция тартуға серпін береді.

Бұған дейін Sinoma Cement Co. қытай компаниясы мен Primus Capital Ақтөбе облысында цемент зауытын салуға 200 млн доллар (шамамен 190 млрд теңге) жұмсайтынын жазғанбыз. Кәсіпорын 2027 жылы іске қосылады.

Primus Capital компаниясы Алматы әкімінің бұрынғы орынбасары Сапарбек Тұяқбаев пен кәсіпкер Нұрлан Құрақбайға тиесілі.