Авто

20 қазаннан бастап Қазақстанға кейбір көліктерді әкелуге тыйым салынады

Қандай көліктерді Қазақстанға әкелуге тыйым салынады / Фото: kursiv.media архиві

20 қазаннан бастап Қазақстанда жеке пайдалану мақсатында көлік құралдарын сырттан әкелуге қатысты жаңа шектеулер күшіне енеді. Бұл өзгерістер Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің 2025 жылғы 23 мамырдағы №45 шешіміне сәйкес енгізілуде.

Енді көлік құралдарын тек ЕЭК коллегиясының 2017 жылғы 30 маусымдағы №74 шешімімен бекітілген тізімге енгізілген түрлері бойынша ғана әкелуге рұқсат етіледі.

Қандай санаттағы көліктер жатады:

  • Жеңіл автокөліктер (медициналық арнайы көліктерден басқа), ЕАЭО СЭҚ ТН 8703 коды бойынша жіктелетіндер;
  • Квадроциклдер, қарда жүретін көліктер, жолсыз жерлерге арналған техника (жалпы қолданыстағы жолдарға арналмаған);
  • Мотоциклдер, мотороллерлер, мопедтер (СЭҚ ТН 8711 тауар позициясы);
  • 12 орынға дейінгі автобустар және жалпы салмағы 5 тоннаға дейінгі жүк көліктері (белгілі СЭҚ ТН кодтары бойынша).

Барлық әкелінетін көлік құралдары «Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентке сай болуы керек. Бұл талапқа сәйкестікті растайтын негізгі құжат, көлік құралының конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік (СБКТС).

СБКТС (Көлік құралының конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік) болмаса, жеке тұлғалар:

  • кедендік рәсімдеуден өте алмайды,
  • көлік құралдарының электрондық паспортын (ЭПТС) ала алмайды,
  • утилизациялық алымды төлей алмайды,
  • көлікті тіркеуге қоя алмайды.

Бұл – бекітілген тізімге кірмейтін кез келген автокөлікті елге әкелу мүмкін болмайды деген сөз. Яғни, ондай көліктерді рәсімдеу, кедендік тазарту немесе тіркеу мүмкін емес.

Аталған өзгерістер ЕАЭО аясындағы техникалық талаптарды біріздендіруге және сертификаты жоқ көліктердің импортын шектеуге бағытталған.

Айта кетейік, 2025 жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстанға 134 366 жаңа және жүрілген жеңіл автокөлік импортталған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 59,4%-ға көп.