
Zeekr компаниясы жаңартылған 001 лифтбегінің салонын ресми түрде таныстырды. Интерьер «Жұлдызды концерт залы» стилінде жасалған. Өзгерістер тек салонына ғана емес, сонымен қатар қозғалтқыш жүйесінде де бар. Carnewschina мәліметінше, ресми таныстырылымы мен сатылымы 11 қазанда басталады.
Не өзгерді
Қазіргі нұсқада Zeekr 001 моделі 2,5K рұқсаты бар 15,05 дюймдік мультимедиа экранымен жабдықталған. Жаңартылған модельде 3,5K сападағы, 30° бұрылатын 16 дюймдік «теледидар» орнатылған. Құралдар панелі HD сапамен, 13,02 дюймдік экранмен жабдықталса, артқы орындықтарда 8 дюймдік басқару экраны пайда болған. Сонымен қатар, алдыңғы әйнекте 39,3 дюймдік кеңейтілген шынайылық (AR-HUD) проекциялық дисплейі бар.
Концерт залының атмосферасын 29 динамик арқылы берілетін көлемді дыбыс қамтамасыз етеді. Салонның негізгі бөлігі Nappa былғарысымен қапталса, орталық консоль замш материалымен қапталған.

Артқы орындықтар енді 125°-қа дейін шалқайтылады және аяққа арналған тіреулер қарастырылған. Бұл тіреу 350 мм-ге дейін алға шығып, 87°-қа дейін көтеріле алады. Алдыңғы орындықтарда 20-нүктелі массаж функциясы бар, ал артқы орындықтарда – 12-нүктелі массаж жүйесі орнатылған. Панорамалық төбе дисплей қызметін атқара алады, оған жұлдыз шоғырының бейнелері проекцияланады.

Сыртқы моделі мен техникалық сипаты
Zeekr 001 сырттай айтарлықтай өзгеріске ұшырамаған, тек жүріс шамдары (ДХО) мен фаралары сәл жаңартылған. Ең басты ерекшелік, көлікті өз талғамыңызға сай құрастыру мүмкіндігі. Тұтынушылар шанақтың, логотиптің, бамперлердің, айна корпустарының, спойлердің, дискілер мен тежеуіш суппорттарының түсін өз қалауы бойынша таңдай алады.
Артқы жетекпен жүретін нұсқасы CLTC циклі бойынша 810 км-ге дейін жүре алады. Бұл көрсеткішке 370 кВт (489 а.к.) қуаттағы электр моторы мен 103 кВт·сағ көлеміндегі CATL Qilin аккумуляторы ықпал етеді. 6C жылдамдықтағы қуаттағыш батареяны 10%-дан 80%-ға дейін небәрі 10 минутта зарядтайды. 0-ден 100 км/сағ жылдамдыққа 4,98 секундта жетеді.
Толық жетекпен жүретін нұсқасы 100 км/сағ жылдамдықты 2,83 секундта еңсеріп, 762 км-ге дейін жүре алады. Бұл нұсқада қосымша 310 кВт (416 а.к.) қуатты екінші электромотор бар. Екі қозғалтқыш бірге 680 кВт (912 а.к.) қуат береді. Оларды қуаттандыратын аккумулятор 95 кВт·сағ көлеміндегі Golden Brick не 103 кВт·сағ болатын CATL Qilin. Golden Brick батареясы 12C жылдамдықпен қуатталып, 10%-дан 80%-ға дейін небәрі 7 минутта толтырылады.

Айта кетейік Қазақстанда ресми дилерлердегі қазіргі Zeekr 001 бағасы 19,9 млн теңгеден басталады. Ең жоғары жабдықталған («зарядталған») электромобильдің құны 25 миллион теңгеге жетеді. Ал бұрын жүрілген Zeekr көліктерінің бағасы kolesa.kz сайтында 13,5 млн теңгеден басталады.
Еске салсақ осыған дейін Қазақстандағы ZEEKR премиум-класты электромобильдердің ресми дистрибьюторы жаңа ZEEKR 7X электрлі кроссоверінің сатылымының басталғаны туралы хабарлаған еді. Жаңа көлік Standard, Long Range және Performance нұсқаларында 22 190 000 теңгеден басталатын бағамен қолжетімді.