Шымкентте ҰҚК-ның бұрынғы қызметкері 12 жылға сотталды

Жарияланды
ҰҚК-ның бұрынғы қызметкері 12 жылға сотталды /фото: shutterstock

Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Манат Сарбасов 12 жылға бас бостандығынан айырылды. 7 қазан күні Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты осындай үкім шығарды. Сот айыпталушыны Қылмыстық кодекстің «Пара алу», «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру» және «Қызметтегі әрекетсіздік» бабымен кінәлі деп таныды. Ал оған тағылған «Алаяқтық» және «Пара беру» бабы алынып тасталды. Сонымен бірге подполковник шенінен айырып, Сарбасовтан мемлекет есебіне 70 млн теңге өндірілетін болды.

Сарбасовпен бірге іске тартылған Ерлан Тышқанбаев, Темірхан Варзилов, Шыңғыс Жаңабаев пен Айдос Срайловқа қатысты да үкім шықты.

Сарбасовтың әріптесі майор Срайлов «Кәсіпкерлікке заңсыз араласу» бабымен кінәлі деп танылып, бас бостандығы 1 жылға шектелді. Оған рақымшылық заңы қолданылып, сот залынан босатылды және майор шені алынды.

Темірхан Варзилов «Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану» бабымен кінәлі деп танылды. Оның бас бостандығы 4 жылға шектелді және өмір бойына мемлекеттік қызметте істеу құқығынан айырылды. Ол сотта кінәсін ішінара мойындаған. Денсаулығы мен асырауында кәмелет жасқа толмаған балалары бар екені жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілген.

Шыңғыс Жаңабаев пен оның досы Ерлан Тышқанбаев «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бабымен кінәлі деп танылды. Жаңабаев 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Тышқанбаевтың бас бостандығы 7 жылға шектелді.

Сотталушылар Сарбасов, Жаңабаев сот үкімімен келіспеді. Сарбасовтың адвокаттары апелляциялық шағым түсіретінін хабарлады. Қалған сотталушылар үкімге қатысты пікір білдірмеді. Сотталушылардың кейбірінің туыстары сот залында үкімге қарсылық білдіріп, «Масқара» «Әділетсіздік» деп айқайлады.

Айта кетейік, Сарбасов 2004 жылдан бері Ұлттық Қауіпсіздік комитетінде түрлі қызмет атқарған. Қылмыстық іске қатысты ұсталған кезде комитеттің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысының орынбасары қызметін атқарған. Оның серіктері деп танылғандардың ішінде шенеуніктер мен кәсіпкерлер бар.

Сарбасовтың ұсталғанына екі жылға жуықтады. Істің сотқа түскеніне 6 айға жақындады. Іске алқа билер тартылды.

Сондай-ақ оқыңыз