
FlyArystan әуекомпаниясы әуежайда тіркеуден өткен адамдардан ақы алмау туралы ұсынысты қарастырып жатыр. Бұл туралы Көлік министрлігінің азаматтық авиация комитеті төрағасы Салтанат Томпиева айтты, деп хабарлайды KursivMedia.
Кей қызметке ақы алмау ұсынылды
Томпиеваның айтуынша, FlyArystan компаниясына тариф саясатын қайта қарау туралы тапсырма берілді.
«Егде жастағы адамдар кей жағдайда телефонды қолданып, QR арқылы тіркеуден өте алмайды. Адам тіркеуден өтіп үлгермей қалса немесе онлайн тіркеуден өте алмайтын адамдарға көмектесуді тапсырдық. Мұндай көмек көрсеткен жағдайда ол үшін ақы алмау мүмкіндігін қарастыру тапсырылды», – дейді Kazahstan Travel forum-ға қатысқан комитет төрағасы.
Салтанат Томпиева қазақстандықтардың FlyArystan көрсететін қызмет сапасына көңілі толмайтынынан хабардар екенін айтты. Соған байланысты әуе компанияға жолаушыларға қызмет көрсетуді жақсаруға қатысты нақты нұсқау берілген.
«Жолаушылар тарапынан қызмет көрсету сапасына қатысты шағым мен ескерту өте көп. Сондықтан компанияға қызметкерлерін оқытып, біліктілігін арттыру курстарын өткізіп тұруды міндеттедік», – дейді ол.
FlyArystan бағалары
Әуе компания талаптарына сәйкес, FlyArystan ұшағына әуежайда тіркеуден өту ақылы. Қазақстандағы ішкі рейстерге әуежайда тіркеуден өту құны – 2 000 теңге. Онлайн тегін өтуге болады.
Ал халықаралық рейстерге әуежайда тіркелу құны ересектер үшін 16 мың теңге, бір балаға 8 мың теңге.
Қол жүгі салмағын ұшаққа отырарда өлшеу заңды ма?
Қазақстандықтар FlyArystan-ның ұшаққа отыру басталарда қол жүгі салмағын таразы қойып өлшеуіне қатысты да шағымданды. Комитет төрағасынан мұның қай заңға сәйкес жүргізілетінін айта алмады.
«Қол жүгі салмағы 5 келіден аспауға тиіс. Ал оны қалай тексеруге болады? Әрине, таразы қойып тексереді», – дейді Томпиева.
Билет құны неге қымбат?
Салтанат Томпиеваның айтуынша, комитет ұшақ билеті бағасына араласпайды.
«Шетелдік те, қазақстандық әуе компаниялар қойған бағаға араласпаймыз. Бұл – халықаралық тәжірибе. Бұрын бағаға шектеу қойған кездер болды. Ол кезде белгілі бір межеден жоғары бағаға сатуға болмайтын. Алайда әуе компаниялары кей бағытты жауып тастап отырды.
Мысалы, барлық ұшақтағы орынды орташа 10-15 мың теңгеден сатса, ол рейс билеттері бірден сатылып кетеді. Ал жиі ұшатын басқа адам ол рейсті кестеден көре алмай қалады. Өйткені барлық билет арзан бағада сатылып кеткен. Алайда оған билеттің құны емес, діттеген жеріне уақытында жету маңызды. Дәл сондай азаматтарға тиімді болмай қалады», – дейді комитет төрағасы.
Сөзінше, билет құны әуе компанияларына пайда әкеліп, маршрутты дамытуға мүмкіндік береді.
«Билет құны қайтарыла ма, жоқ па, багажға қатысты норманың бәрін әрбір әуе компаниясы өз ережелеріне сүйеніп реттейді», – дейді ол.