Комитет төрағасы ұшақ билетін 15 мың теңгеге алуға болатынын айтты

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Комитет төрағасы мемлекет субсидиялайтын рейстер туралы айтты/фото: shutterstock

Азаматтық авиация комитеті төрағасы Салтанат Томпиева ұшақ билетіне 100 мың теңге жұмсай алмайтын қазақстандықтарға қатысты сұраққа жауап берді.

БАҚ өкілдері жазда Астана – Түркістан – Астана бағытындағы ұшақ билеті бағасы бірнеше апта бұрын алынғанына қарамастан 100 мың теңге тұрғанын айтып, «мұндай соманы барлық қазақстандықтың қалтасы көтере ме?» деп сұрады.

Томпиева әлеуметтік маңызы бар бағыттарға билет бағасы бекітілгенін алға тартты. Сөзінше, ол үшін мемлекет жыл сайын 6,4 миллиард теңге бөліп отыр.

«Мұндай билет бағасы қымбаттамауға да, арзандамауға да тиіс, яғни баға тұрақты. Субсидияланатын рейске билет бағасы шамамен 14-15 мың теңгеден басталып, ең қымбаты 30-35 мың теңге тұрады», – дейді комитет төрағасы.

Айтуынша, қазір осындай 23 бағыт бар, тіпті бұл билеттерді қайтару мүмкіндігі де қарастырылған көрінеді.

Көлік министрлігінің хабарлауынша, субсидияланатын рейстер қатарында Астана – Үржар – Астана, Көкшетау – Ақтау – Көкшетау, Астана – Петропавл – Астана, Түркістан – Қостанай – Түркістан, Жезқазған – Қарағанды – Жезқазған секілді бағыттар бар.

Бұған дейін FlyArystan әуекомпаниясына тариф саясатын қайта қарау туралы тапсырма берілгені айтылды.

Сондай-ақ оқыңыз