Halyk Bank 1,4 млн долларға бағалы қағаздарын қайта сатып алды

Halyk Bank үш күнде 1,4 миллион долларға өз ғаламдық депозитарлық қолхатын (ҒДҚ) қайта сатып алды. Банк buyback бағдарламасын 1 қазаннан бастаған.
Банк 1–3 қазан аралығында жалпы көлемі 54 мыңнан астам ҒДҚ-ны орташа есеппен 26,1 доллардан қайта сатып алған. Бұл – биыл іске қосылған жаңа buyback бағдарламасының алғашқы нәтижесі.
Halyk Bank осы бағдарлама аясында барлығы 50 млн долларға дейінгі бағалы қағаздарын нарықтан қайтаруды жоспарлап отыр. Бұған дейін де банк осындай көлемдегі buyback бағдарламасын жүзеге асырған болатын.
Қаржы ұйымы жақында 2024 жылға екінші рет дивиденд төлейтінін хабарлаған.
Halyk Bank – Қазақстандағы ең ірі банк. 2025 жылдың маусымындағы мәлімет бойынша, оның активі 19,6 трлн теңгеге жеткен. Банк Лондон мен Алматы биржаларында тіркелген, ал оның негізгі иелері – Құлыбаевтар отбасы.