Жаңалықтар

BCC Invest болжамы: жыл соңында доллар 565 теңгеге жуықтауы мүмкін

Фото: kursiv.media

BCC Invest сарапшылары 10 қазанда Ұлттық банк базалық мөлшерлеме 25–50 базистік пунктке көтеруі мүмкін деп болжайды. Бұл шешім қыркүйек-қазан айларындағы инфляциялық қысымның сақталуына және теңге бағамының әлсіреуіне байланысты шығарылуы ықтимал.

Экономикалық шолуда келтірілген базалық сценарийге сәйкес, жыл соңына дейін инфляция артады: қазан айында 12,8%-ға дейін өсіп, желтоқсанда 12,7%-ға дейін төмендеуі мүмкін.

Сарапшылар базалық мөлшерлеме жыл соңына қарай 17%-ға дейін көтеріледі деп есептейді.

Сонымен қатар BCC Invest теңге бағамына қатысты үш сценарий ұсынады: оптимистік, базалық және пессимистік.

Пессимистік сценарийде доллар күшейіп, импорт артып және квазимемлекеттік сектордың шетелден табысы азаюы салдарынан теңге бағамы күзде 556–565 теңге аралығында қалыптасуы мүмкін. Бұл жағдайда желтоқсанда доллар шамамен 565 теңгеге дейін қымбаттайды.

Базалық нұсқа бойынша қазан айында орташа курс 541,8 теңге, қарашада 546,3 теңге, ал жыл соңында 547,4 теңге деңгейінде болады. Орташа жылдық көрсеткіш 526,8 теңге шамасында.

Оптимистік сценарий орын алса, мұнай бағасы жоғары болып, экспорттан түсетін валюталық кіріс тұрақты болса, теңге күзде 523–530 теңге аралығында сақталып, жылдық орташа көрсеткіш 512,4 теңгені құрауы ықтимал.

BCC Invest деректеріне сүйенсек, биыл теңге екі кезеңнен өтті. Қаңтар-наурызда ұлттық валюта нығайып, курс 524,9 теңгеден 499,4 теңгеге дейін төмендеді. Бұған импорттың қысқаруы мен теңгедегі қаржы құралдарының жоғары табыстылығы әсер етті.

Ал көктемнен бастап жағдай өзгерді: сәуір-маусым айларында теңге 512–515 аралығында тербеліп, шілдеде 528,7 теңгеге дейін әлсіреді. Жаз ортасында 546 теңгеге дейін жеткен бұл көрсеткіш экспорт түсімнің азаюы мен валютаға деген сұраныстың өсуінен туындады.

Айта кетсек, Halyk Finance те ұқсас болжам келтірген. Компанияның есебінше, егер мұнай бағасы барреліне $70 деңгейінде сақталып, экспорт көлемі өссе, 2025 жылдың соңына қарай доллар бағамы 550–560 теңге аралығында болады.

Жалпы, сарапшылар теңге үшін күз бен қыс айлары тұрақсыз болуы мүмкін екенін айтады. Инфляциялық қысым мен сыртқы нарықтағы белгісіздік Ұлттық банкті қайта қатаң ақша-несие саясатына итермелеуі ықтимал.

29 тамызда Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені тағы да 16,5% деңгейінде қалдырды. Бірақ банк төрағасы Тимур Сүлейменов инфляция қарқыны баяуламаса, мөлшерлемені көтеруі мүмкін деп ескерткен еді.