Жаңалықтар

QazaqGaz-дың еншілес компаниясына 1,2 млрд теңге айыппұл салынды

Фото: kursiv.media

QazaqGaz-дың еншілес компаниясы экологиялық талаптарды бұзғаны үшін 1,2 млрд теңге айыппұл арқалады. Ақтөбе облысының экология департаменті табиғатты қорғау прокуратурасының тапсырмасы бойынша, «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамының филиалына тексеру жүргізген.

Тексеріс нәтижесінде Шалқар ауданындағы Бозой жерасты газ қоймасында екі ұңғыма экологиялық рұқсатсыз бұрғыланғаны анықталды. Заң бойынша атмосфераға зиянды заттар шығару және қалдықтарды орналастыру үшін арнайы рұқсат қажет. Мұндай құжаттың болмауы эмиссияны заңсыз, яғни шекті мөлшерден асқан деп есептеледі және айыппұл салуға негіз болады.

Прокуратураның мәліметінше, анықталған фактілер бойынша төрт әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 1,2 млрд теңге көлемінде айыппұл салынған. Компания өз еркімен тек 20 млн теңгесін өтеген, ал қалған 1,1 млрд теңгеге жуық соманы сот арқылы даулаған.

Бірақ бірінші және апелляциялық сот инстанциялары прокуратура шешімін күшінде қалдырды. Енді компания айыппұлдың қалған бөлігін бір ай ішінде төлеуі тиіс. Егер белгіленген мерзімде төлем жасалмаса, сома мәжбүрлеп өндіріледі.

Бұған дейін «Теңізшевройл» компаниясына 639 млн теңге айыппұл салынған.