Миллиардер Беловичтің компаниясы Алматы облысында логистикалық парк салды

Миллиардер Александр Беловичтің компаниясы Алматы облысында ірі қойма салды. BAZIS компаниялар тобының құрамына кіреті Focus Logistics компаниясының «Focus Aksengir» логистикалық паркі ашылды. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігі хабарлады.
Focus Logistics компаниясының құрылтайшысы – Bazis Holding Company. Ал бұл компанияның түпкі иесі – миллиардер Александр Белович. Bazis компаниясын Александр ұлы Павелмен бірге басқарады. Forbes нұсқасы бойынша Беловичтер отбасы 2025 жылы Қазақстанның ең бай кәсіпкерлері тізімінде 15-орында тұр. Олардың байлығы 681 миллион доллар деп бағаланған. Ал 2024 жылы Белович «ең ірі рантье» (жылжымайтын мүліктен табыс табатын тұлғалар) рейтингінде 5-орынға ие болған.
70 млрд теңгелік инвестициялық жоба
Жобаға салынған жалпы инвестиция көлемі 70 млрд теңге, оның ішінде 2024 жылы 13 млрд теңге игерілген. Бірінші кезеңде Ozon компаниясы үшін 40 775 шаршы метр аумақта заманауи фулфилмент-орталық салынды. Бұл бағытта компаниялар арасында оффтейк-келісім жасалған.
Өңір экономикасына серпін
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жаңа парк өңірдің экономикалық дамуына оң әсер ететінін атап өтті:
«Алматы облысы өзінің географиялық орналасуына байланысты еуразиялық көлік жүйесінің негізгі торабына айналуда. Бұл парк жаңа жұмыс орындарын ашып, шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етіп, өңірдің инвестициялық имиджін нығайтады».
Қойма мен инфрақұрылым
Қазіргі кезде жалпы ауданы 64 545 шаршы метр қойма пайдалануға берілді. Ал 2025 жылдың IV тоқсанында тағы 26 мың шаршы метр қойма іске қосылады.
Болашақта жоба аясында А+ санатындағы 300 мың шаршы метрге дейін қойма алаңын және қуаттылығы 100 мың TEU болатын контейнер терминалын салу жоспарланып отыр.
Жоба өңір экономикасына тікелей әсер етеді. Ozon компаниясымен серіктестік нәтижесінде 4 500 жаңа жұмыс орны ашылады. Ал облыс бюджетіне жыл сайынғы қосымша 5 млрд теңгеден астам салық түсімі түседі.
«Бұл нысанды біз жай ғана қойма кешені емес, сауда, инвестиция және бизнестің жаңа мүмкіндіктері шоғырланатын орталық ретінде қарастырамыз. Мұнда мемлекет те, инвесторлар да, жергілікті кәсіпкерлер де ұтады», – деді «Focus Logistics» ЖШС Бас директоры Диас Ғалиев.
Халықаралық дәлізбен байланыс
Логистикалық парк Үлкен Алматы айналма жолы, Ақсеңгір теміржол стансасы және Қытай, Ресей мен Орталық Азия елдеріне шығатын халықаралық көлік дәлізімен біріктірілген. Бұл оның өңірлік және халықаралық тасымалдар жүйесіндегі маңызын арттырады.
BAZIS компаниясы сондай-ақ 50 000 шаршы метр аумақта көтерме-тарату азық-түлік орталығын салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ 300 гектардан астам индустриялық аймақты жолдармен, инженерлік коммуникациялармен, жатақханалармен және жеке сұрыптау стансасымен қамтамасыз ету көзделген.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында Қазақстанның транзиттік-логистикалық әлеуетін дамыту мен заманауи агрохабтар мен логистикалық орталықтар құрудың стратегиялық маңыздылығын атап өткен еді.