Жаңалықтар

Салықтан жалтаратындар көп: 260 мың кәсіпкер күніне тек бір чек шығарып отырған

Фото: shutterstock, бильд-редактор: Серикжан Ковланбаев

Қазақстанда кейінгі жылдары көлеңкелі экономика үлесі 16%-ға дейін төмендегенімен, кәсіпкерлердің салықтан жалтаруы қысқармай тұр. Мәселен 260 мыңға жуық жеке кәсіпкер бір ай бойы күніне тек бір чек шығарып келген. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді.

2024 жылы 402 мыңға жуық бақылау-кассалық машинасы немесе тіркелгендердің 39 % чек бермегені анықталған.

«Сонымен қатар 16 755 бақылау-кассалық машина POS-терминалдар мен QR-төлемдер бойынша түсімдер болғанымен чек берілмеген. Бір ай бойы күніне тек бір ғана чек шығарып келген немесе түсімнің бірдей сомасын көрсетіп келген, 260 мыңға жуық салық төлеуші анықталды», – деді министр.

Биыл салық орғандарының тиісті жұмысы нәтижесінде 400 мың кассаның ішінен 70 мың кәсіпкер чек бере бастаған.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда салық басқару жүйесіне заманауи цифрлық құралдар енгізіліп жатыр. Солардың бірі – жасанды интеллектіге негізделген Smart Data Finance жүйесі.

Бұл жүйе азаматтар мен бизнес субъектілерінің деректерін талдап, салық төлеуден жалтару немесе табысты жасыру сияқты схемаларды анықтайды. Нәтижесінде әр салық төлеушіге цифрлық профиль қалыптастырылады.

Қазір жүйеге 74 дереккөзі қосылған, ал жыл соңына дейін тағы 30 дереккөзін қосу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, жаңа Салық кодексіне сәйкес, қымбат пәтер, көлік және басқа жылжымайтын және жылжымалы мүлік иелері сән-салтанат салығын төлейді.