Жаңалықтар

Зейнетақы қорындағы артық ақшаны тіс емдеуден басқа мақсатқа жұмсауға бола ма

Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова зейнетақы жинақтарын стоматологиялық қызметтерге пайдалану туралы шектеу өзгермейтінін мәлімдеді. Бұл шешім зейнетақы қорынан алаяқтық жолмен миллиардтаған теңге шығарылғаннан кейін қабылданған. Министрдің айтуынша, тек тіс емдеуге тыйым салынды, ал басқа медициналық қызмет түрлеріне рұқсат бұрынғыдай сақталады.

Соңғы уақытта зейнетақы жинақтары арқылы жалған стоматологиялық клиникалар ашып, ірі көлемде қаражат ұрлау дерегі анықталған. Тергеу мәліметі бойынша, осындай клиникалар арқылы шамамен 220 млрд теңге заңсыз шығарылған. Кейбір компаниялар алынған қаражаттың 30 пайызына дейін өздерінде қалдырған.

«Бұл — азаматтарымыздың зейнетақы ақшасы. Егер алаяқтар жалған стоматологиялар арқылы осындай соманы алып кетсе, бұл тек министрліктің емес, қоғамның ортақ мәселесі», — деді министр.

«Отбасы банкке» түскен өтінімдердің 88 пайызы тіс емдеуге қатысты болған. Сондықтан министрлік осы бағытта қаражат пайдалануды уақытша тоқтатты. 2026 жылғы 15 сәуірге дейін стоматологиялық қызметтер бойынша өтінім қабылданбайды.

Сонымен қатар министр көзге жасалатын операциялар, орфандық ауруларды емдеу және қымбат оталарға зейнетақы жинақтарын пайдалану мүмкіндігі сол күйінде қалатынын айтты.