
Биылғы Нобель сыйлығының лауреаттары кванттық физика саласында еңбек етіп жүрген америкалық университеттердің ғалымдары болды. Олардың қатарында Ұлыбританиялық Джон Кларк, франциялық Мишель Деворе және америкалық Джон Мартинис бар.
Кларк – Калифорния университетінің (Беркли) профессоры, Мартинис – Калифорния университетінде (Санта-Барбара) жұмыс істейді, ал Деворе – Йель университетінде және Санта-Барбарада зерттеулер жүргізген.
Ғалымдар «макроскопиялық кванттық-механикалық туннелдеу мен электр тізбегіндегі энергияның квантталуын ашқаны үшін» марапатталды. Нобель комитетінің мәлімдеуінше, олардың тәжірибелері кванттық физиканың нақты өмірде қалай жұмыс істейтінін көрсетті.
Айта кетейік, 2024 жылғы Нобель сыйлығы физика саласында Джон Хопфилд пен Джеффри Хинтонға берілген еді. Олар физиканың әдістерін пайдалана отырып, заманауи жасанды нейрожелілер мен машиналық оқыту жүйелерінің негізін қалаған тәсілдерді жасап шығарған.
Бұған дейін, физиология және медицина саласындағы Нобель лауреаттары да белгілі болды. Оны АҚШ пен Жапония ғалымдары Мэри Э. Брунков, Фредерик Рамсделл және Шимон Сакагучи иеленді.