Қазақстанның тоғыз қаласында ауа сапасы нашарлайды

7 қазан күні еліміздің көптеген қаласында қолайлы метеорологиялық жағдай қалыптасады, деп хабарлайды «Қазгидромет». Алайда синоптиктердің болжамынша, 2025 жылдың 7 қазанында бірқатар өңірде ауа сапасы нашарлауы мүмкін.
Нақтырақ айтқанда, қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) Ақтөбе, Алматы, Өскемен, Балқаш, Қарағанды, Теміртау қалаларында, түнде – Қостанай, Атырау және Астана қалаларында күтіледі.
ҚМЖ – атмосфералық ауаның жерге жақын қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді метеорологиялық құбылыстардың (ашық ауа райы, әлсіз жел, тұман) жиынтығы. Мұндай жағдайда қалаларда ауаның ластану деңгейі артып, тұрғындардың денсаулығына теріс әсер етуі мүмкін.
Мамандардың айтуынша, ауаның ластану деңгейін анықтайтын негізгі факторлардың бірі – синоптикалық жағдайдың болжамы. Оған желдің бағыты мен жылдамдығы, жауын-шашын, ылғалдылық және ауа температурасы сияқты көрсеткіштер тікелей әсер етеді.
Экологтар тұрғындарға ауаның сапасы төмен күндері ашық ауада ұзақ болмауға, әсіресе балалар мен егде жастағы адамдарға сақ болуға кеңес береді.
Бұған дейін 7 қазанға арналған ауа райы болжамын жазған едік.