Жаңалықтар

2026–2027 оқу жылына арналған жаңа оқулықтар қоғам талқысына ұсынылды

школьные учебники
Жаңа оқулықтар қоғам талқысына ұсынылды / Фото: Shutterstock

Қазақстанда 2026–2027 оқу жылында енгізілетін мектеп оқулықтарының жобалары қоғам талқысына шығарылды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Талқылау Білім беру мазмұнын сараптау орталығының talqylau.bmso.kz сайтында өтуде.

Қоғамдық пікірталас «Оқу әдебиеттерін қоғамдық талқылау» бөлімінде ұйымдастырылған. Талқылауға келесі пәндер бойынша оқулықтар ұсынылған:

  • 4-сыныптар үшін: «Қазақ тілі», «Орыс тілі» (қазақ тілінде оқытатын мектептер үшін), «Математика» (қазақ және орыс тілдерінде), «Дүниетану», «Әдебиеттік оқу»
  • 7–10 сыныптар үшін: «Дүниежүзі тарихы», «Алгебра», «Қазақ тілі», «Химия», «Биология», «Физика», «География», «Құқық негіздері», сондай-ақ ағылшын, неміс және француз тілдері пәндерінің оқулықтары

Талқылау онлайн форматта өткізіліп жатыр. Бұл педагогтерге, ғалымдарға, әдіскерлерге және жалпы оқулық сапасына бей-жай қарамайтын азаматтарға өз пікірін білдіруге мүмкіндік береді.

Министрлік мәліметінше, қолданыстағы заңнамаға сай оқулықтар бес кезеңнен тұратын сараптамадан өтеді:

  1. Ғылыми-педагогикалық сараптама;
  2. Пысықтау кезеңі;
  3. Пилоттық мектептерде апробация;
  4. Қоғамдық талқылау;
  5. Пәндік сараптамалық комиссияның қорытындысы.

Қазіргі таңда аталған оқулықтар қоғам талқысымен қатар, еліміздің бірнеше өңіріндегі 34 пилоттық мектепте сынақтан өтіп жатыр.

Барлық кезеңнен сәтті өткен оқулықтар Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі бекітетін ресми оқулықтар тізіміне енгізілуге ұсынылады.