Жаңалықтар

Алматыда қашан жылу берілетіні белгілі болды

Алматыда жылу берілетін күн нақтыланды / фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматыда жылу берілетін күн нақтыланды / фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыға қашан жылу беретіні белгілі болды. Мегаполисте жылыту маусымы биыл әдеттегіден ертерек басталады. Өйткені күн суыта бастады.

Алматы қаласы әкімі кеңесшісі Ильзат Акчуриннің айтуынша, 8 қазаннан бастап әлеуметтік нысандарға жылу беріледі

Тұрғын үйлерді орталық жылу жүйесіне қосу 10 қазаннан басталады.

Алматыда ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты қала әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен жылыту маусымын әдеттегіден ертерек бастау туралы шешім қабылданды. 8 қазаннан бастап қалада орталық жылыту жүйесіне қосылу жұмыстары басталады.

Жылу, ең алдымен, балабақша, мектеп және медициналық мекеме сынды әлеуметтік нысандарға берілмек. Бұл туралы Алматы қаласының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы хабарлады.

«Тұрғын үйлерді орталық жылу жүйесіне қосу 10 қазаннан басталады. Жылу берілген соң ПИК пен МИБ мамандары үйдің ішкі жылыту жүйесін ретке келтіреді. Радиаторлар мен тікқұбырдан ауа шығарылып, қысым реттеліп, пәтерлердің біркелкі жылынуын қамтамасыз етеді», – делінген хабарламада.

«АлЖЖ» компаниясы айналым режимді іске қосқан. Бұл қажет болған жағдайда барлық ауданға жылуды жедел беруге мүмкіндік береді.

«Кәсіпорын қысқы кезеңге толық дайын. Ықтимал ақауларға жедел ретке келтіру үшін материалдар мен жабдықтардың апаттық қоры жасақталған. 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымында 16 апаттық және жөндеу бригадасы, барлығы 220 маман мен 56 техника бірлігі тәулік бойы кезекшілік етеді», – дейді әкімдік өкілдері.

Ал Талдықорғанда 7 қазаннан бастап жылу берілетін болды.