Банк пен қаржы

Енді банк картасын 500 мың теңгеден көп сомаға толтыратын кезде ЖСН сұрайды

Фото: ашық дереккөзден

Енді банк картасын 500 мың теңгеден көп сомаға толтыратын кезде ЖСН жазуды сұрайды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттік төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов хабарлады.

Оның түсіндіруінше, қаржыны заңсыз айналымға шығару үшін банкоматтардан қолма-қол ақша шешіп алу әлі де пайдаланады.

«Мұндағы негізгі осалдық – жіберуші мен алушыны тиісінше сәйкестендірместен жасырын операциялар жүргізу мүмкіндігі. Ондай операциялар көбінесе басқа адамдардың карталарын, номинал иелердің атында тіркелген карталарды пайдалану арқылы жүзеге асады. Қауіпті азайту үшін агенттік реттеушімен бірге іс жүзінде қолданылатын шешімдер пакетін әзірледі. Ең алдымен, картаға 500 мың теңгеден асатын ақша салынғанда енді жіберушінің ЖСН-нын міндетті түрде көрсету қажет болады. Бұған дейін тек алушының ЖСН-ы талап етілетін», – деп түсіндірді Қайрат Бижанов.

Қосымша ретінде операцияны мобильді қосымша немесе SMS арқылы растау мүмкіндігі де қарастырылып жатқанын да атап өтті.

«Екіншіден, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап банктер банкоматтардың камера жазбаларын кемінде 180 күн сақтауға міндетті болады, бұл күдікті операцияларға қатысушыларды анықтауға мүмкіндік береді. Үшіншіден, тұлғаны биометриялық сәйкестендіруді, бет-әлпетті немесе саусақ іздерін тануды енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр», – деп түсіндірді Бижанов.

Ескерте кетейік, банкоматта бөтен адамға ақша шешіп бергендер де қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін.