«Мынаны күйеуіңе бер, одан да салон ашсаңшы дейтін»- декреттегі ананың кәсібі

YaYa – балалар үйірмелері үшін абонемент беретін қазақстандық стартап. Осы жылы қыста компания шетелдік инвесторлардан 200 мың доллар қаржы тартты, ал жазда стартап құны 10 млн долларға бағаланды. Бар болғаны екі жыл ішінде YaYa ерекше көрсеткішке жетті, бірақ бірден осындай бола қойған жоқ. Стартаптың CEO-сы Лаура Ералиева венчурлық инвестиция тартудағы қиындықтар, бизнестегі әйелдер жайлы стереотиптер туралы айтып берді.
Лаура Ералиева – мамандығы бойынша логист, Шанхайда білім алған, бірақ өз саласы бойынша жұмыс істеп үлгермейді. Елге оралған соң Choco компаниясына орналасып, «Рахмет» жобасында жұмыс істейді. Кейінірек босанып, декретке кетеді. Оның кәсібі де сол декретте басталды.
Бастапқыда бала күтушісін іздейтін стартап құрғысы келіп, оны YaYa деп атайды. Бірақ оның жұмысы бір жылға жетпей тоқтап, басқа бағытқа ауысады.
Бастапқыда балаларға күтуші іздейтін стартап ашу туралы ойладым
Yaya – балалар секциясы, үйірмесіне арналған бірыңғай абонемент. Фитнес абонемент сияқты балалар бір абонементпен бірнеше үйірмеге бара алады. Yaya – балаларды дамыту қосымшасы. Біз спорт, шығармашылық, білім беру орталықтарымен жұмыс істейміз. Қазір Алматы мен Астанада 800-ден аса серіктестеріміз бар. Енді Ақтау мен Қарағандыда ашылмақшымыз.
Бұл стартапты құру идеясы қызыма орталық іздеп жүргенде басталды. Бар уақытымды 2GIS-тегі, инстаграмдағы үйірмелерді іздеуге, әрқайсысының парақшасына жазып, сөйлесуге кететін. Оның үстіне әр үйірмеге жеке төлегенде көп қаржы кетеді. Оның үстіне көп үйірме балалар орталықтары цифрланбаған, әлі күнге дейін дәптерге жазады. Міне, соның бәрін көріп бизнес пен ата-аналар үшін ортақ жүйе құру қажет екенін түсіндім. Солай 2023 жылы Yaya қосымшасын дайын болды.
2 млн теңгемен бастадық
Алғашында бір айлық айналымымыз 2 млн теңге болды. Кейін команда жинап, жылдам өсе бастадық. Өткен жылы 2,7 млн доллар, осы жылы 2,8 млн доллар айналым жасадық. Бұған біздің бизнес модельді ауыстыруымыз себеп болды. Біз бірден жылдық абонемент сатамыз. Ата-аналар оны кез келген банк арқылы бөліп төлеп ала алады.Шамамен айына 30-40 мың теңгеден шығады яғни бір абонементпен балаңызды бірнеше секцияға қатар жаза аласыз. Бүгін тенниске, ертең бассейнге, арғыкүні робототехникаға барады. Бұл өте тиімді, әр үйірмені жеке төлесеңіз бұдан көп шығады.
Қазір арнайы сату бөлімі бар, маркетинг жұмыс істейді. Әрине, бастапқыда қарсылық болды. Ата-аналар үйірменің алыста екенін, жолға қиын екенін айтады. Кейде орталық балаға ұнамай жатады. Ондай кезде барлығын жіті зерттеп, серіктестермен бірге жұмыс істеуге тырысамыз.

Біздің бизнес ретіндегі ерекшелігіміз – ата-ана мен балалар орталығын ашқан кәсіпкерлерді байланыстыратын платформамыз. Қазір енді жұмысқа ЖИ-ді де қосып жатырмыз. Жасанды интеллект әр баланың ыңғайына қарай жеке жоспар құрып береді. Қазір 5000-ға тарта клиентіміз бар, олар жалпы алғанда абономентті 500 мың рет қолданған. 3000-ға жуық балалар орталығымен жұмыс істейміз.
Бизнес модельді кеңейту үшін венчурлық инвестицияға бардым. Ол оңай емес, венчурлық стартаптарды іріктейтін өзіндік моделі бар. Көп инвестор бірінші кезекте команданың жұмысына, айналымға, нарыққа қарайды.
Бастапқыда бизнес-періштелерден қаржы тарттық. Одан кейін 500 Global атты халықаралық венчурлық қордан қаржы жинадық. Жалпы алғанда өнімді масштабтау жолында 650 мың доллар қаржы тарта алдық.
Бизнестегі стереотиптер
Бастапқыда кәсіп иесінің әйел екенінің өзі инвесторлар қабылдауына әсер еткен жағдайлар болды. Себебі көпшілігі бизнесті масштабтау, тәуекелге бару ер адамға арналған деп есептейді. Ал балаларға қатысты жоба болса, онда тіпті әлеуметтік жобаларға жатқызады.
Маған қайырымдылық жасаумен айналысқаның дұрыс қой дегендер болды. Кейбірі салон немесе кофехана ашу керек, әйелдер үшін ең жақсысы сол ғой дейтін. «Күйеуің бар ма өзі, сол күйеуің сатсын да мұны» дейтін де пікірлер естідім. Кейбірі балаларға арналған десе, онда әлеуметтік жоба ғой деп қарайды. Неге? Неге ол салмақты, үлкен бизнеске айнала алмайды.
Мұндай пікірлердің кез келгені ренжітетіні рас. Бірақ өзім үшін иммунитет қалыптастырып алдым. Әрі менің мінезімдегі табандылық бар, сондықтан қанша қорқынышты болсам да өз жолымды табамын деп алға ұмтыла бердім. Қазір жағдай өзгерген. Әйел өз тәжірибесін дәлелдеп, жақсы көрсеткішке жеткенде, беделі қалыптасқанда көзқарас өзгереді. Өздері шақырып, серіктестік ұсынады.
Стартап – өте қиын, стресске толы, жұмысы өте көп дүние
Біз бастағалы бері екі жыл өтті. Өз жолыңды, өз биігіңді табу үшін кейде солай жанкештілікке баруға тура келеді. Енді тек қолдау көремін. Бірақ стартап ашу ол оңай дүние емес екенін біліңіз.
Стартап – өте күрделі, энергияңды жеп қоятын дүние. Күні-түні ұйықтамайсың, үнемі мазасызданып жүресің, үлкен стресс.
Бірақ өр мінезді болсаңыз, қиындықтан қорықпасаңыз, онда алған. Ең әуелі, стартап жайлы оқуға барыңыз. Бізде акселерациялық бағдарламалар, инкубациялық бағдарламалар көп. Ментор табыңыз, сіздің салаңызда жетістікке жеткен адамдармен сөйлесіңіз. Жаныңызда сізді қолдайтын мамандар болсын, жақсы команда құрыңыз.
Ары қарай жоспар құру, сандармен жұмыс керек. Ол міндетті түрде. Міне, енді 10 мың доллар жасаймын, содан соң 20 мың доллар деген нақты цифрлар керек. Әрине, мен үшін басында 10 млн теңге жасаудың өзі мүмкін еместей көрінетін. Бір айды 2 млн-мен жауып жүрміз, оған қалай жетеміз дейтінін өзіме. Қазір енді миллион долларлық айналымға шықтық. Бірақ әр санның ар жағында күшті команда, жақсы зерттелген нарық, сенімділік жатыр.
Қазір Қазақстанда 7 млн бала бар, бұл халықтың 35%-ы. Әрине, үлкен нарық. Бірақ шекара сыртына да шығып көргіміз келеді. Өзбекстан нарығын қарастырып отыр, ол жерде байланысымыз бар, қызығушылық жақсы. Одан кейін Оңтүстік Шығыс Азияны да көргіміз келеді.