
Қазақстанда жылына 75 мың аборт жасалады. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бұл көрсеткішті төмендету үшін емханаларда тегін контрацептив таратылады деп мәлімдеді.
«Бүгінде Қазақстанда жыл сайын 75 мың аборт жасалады екен. Әрине, қазіргі заманауи отбасын жоспарлау тәсілдері бар кезде, біз бұл көрсеткішті төмендетуге жұмыс істеуіміз керек. Өйткені әрбір аборт – әйелдің денсаулығы мен өміріне төнген қауіп», – деп атап өтті Ақмалар Әлназарова Үкімет отырысында.
Оның сөзінше, қазір жағдайды реттеу үшін мемлекеттік емханалар әлеуметтік әлжуаз топтағы әйелдерге бала көтерудің алдын алатын дәрі таратады. Бірақ министрлік басшысы оның өзі түсік деңгейін төмендету үшін жеткіліксіз болып тұрғанын мойындайды.
Шенеуніктің сөзінше, жүктіліктен сақтайтын препараттарды медициналық ұйымдар өзі сатып алады. Ал кейбір аймақтарда оған жергілікті бюджеттен қаржы бөледі.
«Қазір біз әрбір әкімдікпен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Мақсат – қаржыны тек емханалар ғана емес, мүмкіндігіне қарай басқа да көздерден бөлу және осылайша осы көмекке мұқтаж әйелдердің қамтылу аясын кеңейту», – деді министр.
Оқу орындарына да контрацептив тарата ма?
Брифинг барысында журналистер қазақстандық жоғары оқу орындарында батыс елдерінің үлгісімен контрацептивтер сататын автоматтар орнатыла ма деген сұрақ қойды. Министр бұл идеяның жақсы екенін, оны қарастыруға дайын екенін жеткізді. Алайда қазіргі кезде денсаулық сақтау министрлігі негізгі назарды әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға аударып отыр.
Сонымен қатар Әланазровадан Қазақстанда абортқа тыйым салу жоспарланып жатыр ма деген сұрақ қойылды.
«Ондай жоспар жоқ. Біз неғұрлым өркениетті тәсілдерді таңдаудамыз», — деді ол.
Айта кетейік, осы жылғы дерек бойынша Түркістанда 104 жасөспірім жүкті болып қалған. Олардың ішінде 13 және 14 жастағы қыздар бар.