Жаңалықтар

Түркі мемлекеттері аумағында киберқауіпсіздік кеңесі құрылуы мүмкін

Фото: ашық дереккөзден

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері аумағында Киберқауіпсіздік кеңесін құруды ұсынды. Бұл туралы Ақордадан хабарлады.

Түркі мемлекеттері басшыларының жиынында сөз сөйлеген Тоқаев көптеген елдердің шекараға бағынбайтын жаңа қатермен бетпе-бет келіп отырғанын айтты. Соған орай ұйым аясында Киберқауіпсіздік кеңесін құруды ұсынды.

– Бұл Кеңес мемлекеттеріміздің іс-қимылын үйлестіріп, күш жұмылдыруға жағдай жасайды. Сонымен қатар цифрлық қауіпсіздік пен технологиялық байланысты бекемдей түседі. Биыл қыркүйекте осы тақырып бойынша Алматыда өткен конференция нәтижелері киберқауіпсіздік саласындағы ықпалдастықты күшейту аса маңызды екенін тағы да растады, – деді президент.

Сондай-ақ ол 2026 жылы Алматыда Креативті экономика форумын өткізуді ұсынды. Тоқаевтың пікірінше, мұндай қадам жастарды жақындастыруға, олардың білімі мен білігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қазір Әзербайжанның Габала қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшылары кеңесінің ХІІ саммиті  өтіп жатыр.

Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) – түркітілдес елдердің саяси, экономикалық және мәдени ынтымақтастығын дамытуға бағытталған халықаралық ұйым. 2009 жылы негізі қаланды. Құрамына Қазақстаннан бөлек Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркіменстан кіреді.