
Goldman Sachs алтынның бір унциясының 2026 жылғы желтоқсандағы бағасы 4900 доллар болады деп болжады. Бұл туралы Reuters жазды.
Халықаралық банк 6 қазан, дүйсенбі күні, алтын бағасына қатысты болжамын 4300 доллардан бірден 4900 долларға дейін көтерді. Қаржы мекемесі болжам жасаған уақытта батыстың инвестициялық қорлары мен түрлі елдердің бас банктері алтынды көптеп сатып алып жатқанына сүйенді.
Goldman мәліметінше, әлем елдерінің орталық банктері биыл орташа есеппен 80 тонна, ал 2026 жылы 70 тонна алтын сатып алады.
Бұл уақытта әлем нарығында алтын құны көтеріліп жатыр. Материал жарияланған уақытта алтынның бір унциясы 3 974,51 доллардан саудаланды. Осы қарқын сақталса, бағалы металл осы аптада 4 мың долларлық межені еңсереді.
Алтынның қымбаттауына әлемдегі геосаяси тұрақсыздық әсер етіп отыр. Енді оған Франция үкіметіндегі саяси тұрақсыздық та қосылды. Соған байланысты инвесторлар активін сақтап қалудың амалын іздеп, алтын мен Биткоин (BTC) секілді қауіпсіз қорларға жүгінуге мәжбүр.
Айта кетейік, BTC 6 қазан күні 126 мың доллардан жоғары көтеріліп, тағы бір тарихи рекорд орнатқан.
Алтын қымбат. Бағалы құйманы қайдан алып, қалай сақтау керектігін білгіңіз келсе, Kursiv.Media материалын оқыңыз.