Tesla бағасы арзан электромобиль сатады

Tesla сауданы қыздыру үшін сейсенбі күні Model Y жол таңдамайтын электромобилінің арзан нұсқасын таныстырады. Бұл туралы Kursiv.Media Reuters мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
Миллиардер Илон Маск түсіп кеткен сауданы осындай әдіспен көтеруді көздеп отыр. Өйткені электромобиль нарығында бәсеке күшейді. Соған байланысты қымбат электрокарға сұраныс азайды.
Компанияның бас директоры құны 25 мың доллар болатын жаңа электрокар шығаруға уәде берген, алайда былтыр ол жоспарынан бас тартқан. Енді арзан көліктер осы аптада саудаға түспек.
Әзірге жаңа көліктердің қанша тұратыны белгісіз. Оның қуаты қанша шақырымға жететіні де беймәлім. Былтыр Маск арзан көліктердің бағасы 30 мың доллардан төмен болады деген. Бірақ содан бері АҚШ-та баға шамамен 7500 долларға көтерілген.
«Автокөлік сатып алғысы келетіндер көп. Дегенмен адамдардың банк шотында оны сатып алатын қаражат жоқ. Сол себепті бізге автокөлік бағасын түсіргеніміз жөн», – деп мәлімдеген Маск биыл шілдеде.
Биыл Tesla компаниясы жаңарған Model Y нұсқасын саудаға қосқан. Маск қазір жасанды интеллект, роботакси қызметіне көп көңіл бөліп жүр.
Reuters дереккөзінің айтуынша, компания Model 3 седанының да арзан түрін шығаруды көздеп отыр. Жалпы Tesla алдағы он жылда 20 млн автомобиль сатуды жоспарлап отса, солардың көбі арзан электрокар болуы тиіс.