Тоқаев Алматыда креативті экономика форумын өткізуді ұсынды

2026 жылы Алматыда Креативті экономика форумы өтеді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі елдері саммитінде осындай ұсыныс жасады. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.
Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшылары кеңесінің ХІІ саммиті Әзербайжанның Габала қаласында өтіп жатыр. Форумда сөйлеген Тоқаев мәдени-гуманитарлық байланысқа қатысты ұсыныс жасады.
«Биыл Ақтау қаласы Түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Соның аясында бірқатар іс-шара ұйымдастырылды. Каспий жағалауында түркі мәдениетінің фестивалі өтті. Осы маңызды іс-шараға 100 мыңнан астам көрермен қатысты.
Бұған қоса, биыл Алматы қаласы Түркі әлемі жастарының астанасы атанды. Біз өскелең ұрпақты бауырластық рухында тәрбиелеп, жастарымыздың мәдени ықпалдастығын нығайтуды қолға алуымыз қажет. Осыған орай, келесі жылы Алматыда Креативті экономика форумын өткізуді ұсынамыз», – деді президент.
Оның пікірінше, мұндай қадам жастарды жақындастыруға, олардың білімі мен білігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Қазақта «Өнерлі өрге жүзеді» деген сөз бар. Шын мәнінде, өнер, білім, ғылым құндылықтары өркениетіміздің өрісін кеңейтуге ықпал етеді. Қазақстанда елдеріміздің зиялы қауым өкілдерінің басын қосып, арнайы іс-шара өткізген орынды болар еді», – дейді Тоқаев.
Бұған қоса, президент Түркі әлемін зерттеушілер клубын құруды ұсынды. Мемлекет басшысының пікірінше, оны Түркі Академиясының негізінде қалыптастыруға болады.