Күзгі образдарға гайд: әр қыздың гардеробынан табылуы керек киімдер

Жарияланды 7 Қазан 2025 08:07

Торғын Қабен

Торғын Қабен

Фото: shutterstock.com

Маусым ауысқан сайын тренд те өзгеріп отырады. Тіпті былтыр күзде сән болған киімдер мен әшекейлер биыл ескіріп қалуы мүмкін. Минимализм мен саналы тұтыну ережелерін ұстанатындар гардеробын жаңартуға ұмтыла қоймас. Ал енді сәнқой бойжеткендер мен әйелдер трендтен алыстамауға тырысады. Олай болса, сән әлеміндегі тенденцияларға тоқтала отырып, 2025 жылғы күзгі образдар туралы топтама дайындадық. Оқырманға кішігірім спойлер болсын: тіпті минимализм ұстанатын болсаңыз да, трендтегі кей киімдер үйіңізден табылуы ғажап емес. Өйткені бұрынғы үлгілер уақыт өте жаңартылып, қайта сәнге айналып отырады.

Сырт киімдерді қалай таңдаймыз?

1. Пальто-халат пен классикалық тренч
Бұл сырт киімдерсіз күзді елестету мүмкін емес. Биылғы трендте халат сияқты пальто бар. Ол сіздің мүсініңізді айшықтап қана қоймай, нәзіктік сыйлайды. Ал түстерге келсек, ақшыл, карамель, графит таңдасаңыз қателеспейсіз.
Қалай үйлестіреміз: пальто немесе тренч кисеңіз, аяғыңызға қонышы ұзын етік алып, жіңішкелеу мойынорағыш және минимализм стильдегі сөмке ұстасаңыз дұрыс болады.
Берер кеңесіміз: егер арық болып көрінгіңіз келсе, онда ұзындығы орташа, белдігі бар сырт киім алыңыз.

2. 2000-жылдардағы былғары күртеше
Қысқа, жылтыр, байкерлер киетін күртешеге ұқсас сырт киімдер де биыл трендте. Prada мен Coperni подиумдарына модельдер осындай образдар киіп шыққанда көпшілікте ностальгия оянып, «неткен сәнді» десті.
Қалай үйлестіреміз: трикотаждан тігілген топ, ұзын белдемше, кең шалбар және лофермен кисеңіз болады.
Берер кеңесіміз: былғыра бұйымдардың әсіресе шоколад және мокко түстері ерекше әдемі көрінеді. Классикалық қара түсті таңдай бермей, осындай жылы түстерді киіп көріңіз.

3. Авиатор және оверсайз бомбер
Бомберді көбіне жастар киеді деп ойлауыңыз мүмкін. Әйтсе де, биыл күзде бомберді нағыз әмбебап киім деп айта аламыз. Жылы болуы үшін қойдың жүнінен тігілгенін таңдаған жөн. Бомберді серуендегенде ғана емес, күнделікті жұмысқа барып келуге де үйлестіруге болады.
Қалай үйлестіреміз: бомбер + миди белдемше немесе трикотаж көйлек + етік = осылай үйлестірсеңіз, әрі нәзік, әрі жайлы образ құрастыра аласыз.

Белдемше мен шалбар таңдауға келсек…

1. Белдемше киюден қашпаңыз
Әсіресе биыл күзде ұзын әрі тік, миди джинса немесе макси былғары белдемшелер нағыз маст-хев. Маусымның басты фавориеттері десек, артық болмас.
Қалай үйлестіреміз: астына ұзынша келген белдемше кигенде үстіне қалыңдау свитер немесе классикалық жакет киген дұрыс. Егер қыпша беліңізді одан әрі көрсеткіңіз келсе, образды белдік қосып толықтыруға болады.
Тенденция: ассиметриямен пішілген, алдында жырығы бар белдемшелер трендте. Әрі бойы қысқа келген қыздар осылай киінсе, көзге ұзынырақ болып көрінеді.

2. Палаццо шалбар мен тік джинса
Нәзік образ құрастырғысы келетіндерге жүннен тоқылған не костюм матасынан тігілген палаццо таңдаса болады. Өйткені ол бойды ұзын қылып көрсетеді әрі жарасымды.
Джинса: балағы тік немесе кең джинсалар биыл сәнде болып отыр. Тығыз деним, ешқандай жылтырағы, декоры жоқ түрлері дұрыс. Түсіне келсек, сұр, қанық көк, ақшыл түстерді таңдауға болады.

3. Комбинезон мен костюм
Жакет немесе шалбардан костюм кисеңіз, сәнқойдың нақ өзі болып шыға келесіз. Өйткені биылғы маусымның абсолют хиті сол. Дизайнерлер іскерлік стильге де, casual-лук жасауға да болатын әмбебап үйлесім деп осыны ұсынады.
Берер кеңесіміз: неше түрлі түсиі байқап көріңіз. Зәйтүн жасыл, бордо, сұрғылт-көкшіл сияқты ерекше түстерден қорықпаңыз. Костюм біткеннің бәрі классикалық ақ-қара болуы керек деген заң жоқ. Тәжірибе жасай беріңіз. Бастысы, өз келбетіңізге жарасатын түс тапсаңыз болғаны.

Эстетиканың көкесі — трикотаж

1. Үлкен свитерлер мен кардигандар
Трикотаж биыл қайта сән болып жатыр. Әсіресе, фактуралық өрнектері бар, өрілген, жағасы қамыт, жылы түстер ғажап үйлеседі. Соның ішінде ваниль, ақшыл, ақшыл қызғылт түстер образды нәзік қылады.
Қалай үйлестіреміз: свитердің шетін шалбар не белдемшеге салып қойып, үлкен, көзге көрініп тұратын әшекейлер қоссаңыз болады.
Тенденция: үстіңізге кардиганның өзін ғана киіп, образға ірі алқа қоссаңыз ерекше көрінеді.

2. Трикотаж костюм
Мұндай образ сәнді ғана емес, өте жайлы да болады. Бірдей матадан тігілген свитер мен шалбар кисеңіз толыққанды үйлесімге айналып шыға келеді. Кеңсеге де, серуенге де кие бересіз. Саяхаттағанда тіпті таптырмайтын образ.
Берер кеңесіміз: костюмнің нейтрал тонын таңдауға тырысыңыз. Сонда жарқыраған, ашық түсті кросс, мойынорағыш не сөмке ұстап кете бересіз.

3. Водолазка — №1 база
Қара, беж, ақ түстерінен алып қойыңыз. Артық болмайды. Өйткені оны кез келген образбен толықтырып, жарастыруға болады. Жакет киесіз бе, жоқ әлде сарафон не көйлек киесіз бе — бәрібір. Водолазка бүкіл қыздың гардеробынан табылуы керек.
Лайфхак: көбіне водолазка мен сарафанды үйлестірген ұтымды. Ол образ өте әдемі болып шығады.

Аяққа не киеміз?

1. Қонышы ұзын етік
Нәзік қылып көрсетеді әрі жайлы. Күзгі маусымда алды шаршы сияқты, тақасы жалпақ түрлері мастхев саналады.
Қалай үйлестіреміз: миди белдемше, тренч немесе оверсайз свитермен әдемі жарасады.
Берер кеңесіміз: етік алғанда пальтоңызбен бірдей түсін таңдасаңыз болады. Сонда силуэтіңіз арық, ұзын болып көрініп тұрады.

2. Лофер және дерби
Күнделікті киіске осы екі аяқ-киім аса ыңғайлы. Әсіресе, 2025 жылы табаны батпандай әрі түсі ерекшеленіп тұратын түрлері тренд.
Қалай үйлестіреміз: гольф шұлықпен, колготкімен немесе old money стильдегі қысқа белдемшеден киюге болады.

3. Угги мен қалың етік
Мұны қыста ғана кимейді. Күзі қара суық қалада тұратындарға кие беруге болады. Стритстайл үлгідегі образ шыға келеді.
Қалай үйлестіреміз: халат пальто немесе трикотаж костюммен жақсы жарасады.
Берер кеңесіміз: тобыққа жетіп тұратын қысқа модельдер таңдауға тырысаңыз. Көзге әдемі көрінеді.

Аксессуарлар қосуды ұмытпаңыз

1. Қалың мойынорағыштар мен орамалдар
Ірі тоқымадан тоқылған немесе кашемирден тігілген мойынорағыш пен орамал образды айрықша ете түседі.
Берер кеңесміз: үстіңгі жаққа көбірек акцент бергіңіз келсе, онда мойынорағышты ассмиметриямен орап тағыңыз.

2. Сөмке
Мини-багет, кросс-боди, tote сынды үлгілер әдемі көрініп қана қоймай, көп киіммен жараса береді. Минимализм, жұмысқа да, серуенге де ұстай бересіз.
Бір нюанс: басы-артық фурнитурасы жоқ, тегіс, жылтыр емес былғары таңдасаңыз ұтылмайсыз.

3. Әшекейлер
Жіңішке келген сақина, жемчуг немесе дәу білезіктермен үйлестіргенде образыңыз ерекше ашыла түседі.
Берер кеңесіміз: бұрын алтын мен күмісті араластырмайтын болса, қазір осы микс өте ұтымды саналады.

Маусымның сәнді түстері

2025 жылғы күздің басты түстері мынадай: зәйтүн, графит, шарап түстес қызыл, шоколад, қаймас түстес ақшыл және карамель. Осы түстерді дизайнерлер ешқашан сәннен кетпейтін, бәрімен үйлесе кететін anti-trend colors деп санайды. Егер ерекшеленіп жүргенді жақсы көретін болсаңыз, көкшіл, бордо не оранж түстерді де қоссаңыз болады. 

Қызық дерек: Lyst Index деректеріне сүйенсек, 2025 жылы күзде «нейтрал жылы түсті заттар» көп сұралған екен.

Күзгі капсула жасауға көмектесетін гайд

  1. Базаны таңдап алайық: пальто, джинса, трикотаж, бәтеңке, сөмке.
  2. Фактура қосайық: былғары, жүн, кашемир, вельвет.
  3. Бір-бірімен үйлесе беретін 10 заттан тұратын капсула жинап алсақ болғаны.
  4. Аксессуар қосайық: образды нағыз толықтыратын дүние осы екенін ұмытпауымыз керек.
  5. Басты ереже: артық қылам деп тыртық қылмас үшін жылтыраққа жабыса бермеу керек. Талғаммен киінсеңіз жеткілікті.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін биылғы күзге арналған әмбебап трендтерге тоқталған едік.

Сондай-ақ оқыңыз