Денсаулық сақтау министрлігі бағаны негізсіз қымбаттатқан дәріханаларды тексереді

Денсаулық сақтау министрлігі баға саясатының сақталуын бақылау мақсатында дәріханаларға жоспардан тыс тексерулер жүргізеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова хабарлады.
Оның айтуынша, 2025 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда дәрі-дәрмектерді таңбалау жүйесі енгізілді, соның арқасында тұтынушылар үшін препараттардың бағасы ашық болды. Алайда жаңа ережелер күшіне енгенге дейін әкелінген дәрі-дәрмектердің қалғаны ескі бағамен сатылуда.
«Біз көтерме-бөлшек сегментінде бағаның 23%-ға төмендегенін байқап отырмыз. Бүгінде барлық дәріханаларда баға тұтынушыларға ашық көрсетілген. Ескі қорды сату үшін аздаған уақыт берілді», — деп түсіндірді министр.
Әлназарованың айтуынша, министрлік енді дәріханалардың бекітілген баға саясатын қаншалықты сақтап жатқанын бақылауға кіріспек. Ел бойынша 8 мыңнан астам дәріхана ұйымы бар және олардың әрқайсысында қор көлемі әртүрлі.
«Осы кезеңге жоспардан тыс тексерулер енгіздік. Қаңтарға дейін дәріханалар ескі қорларды сатып үлгереді деп ойлаймыз, ал 2026 жылдан бастап дәрі-дәрмектер жаңа бағамен сатылатын болады», – деді министрлік басшысы.
Министр баға саясаты қайта қаралғанын атап өтті. Артық шығындар алынып тасталып, референттік елдердің тізімі жаңартылды. Енді бұрынғы 16 елдің орнына 10 елдің бағасы есепке алынады, бұл сатып алу бағаларын төмендетуге мүмкіндік берді.
Әлназарованың мәліметінше, 2026 жылға арналған «СК-Фармацияның» сатып алуы қазірдің өзінде басталған. Дәрі-дәрмектердің 90%-ы жаңа, көбіне арзандатылған бағамен сатып алынатын болады.
Сонымен қатар министрлік бағаны реттеуден босату мәселесін де қарастыруда.
«Біз отандық тауар өндірушілер қауымдастықтарымен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Қазір 1 АЕК-тен төмен бағаланатын дәрі-дәрмектерді 10 қаңтардан бастап реттеуден босату мәселесін зерттеп жатырмыз. Бұл жұмыс 2023 жылдан бері кезең-кезеңімен жүргізілуде», – деді министр.
Еске салсақ, 1 шілдеден бастап Қазақстанда отандық өндірушілер үшін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға сараптама жүргізу құны 90%-ға төмендеген болатын. Төмендетілген тарифтер мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу және тіркеу дерегінде өзгерістер енгізу секілді барлық кезеңдерді қамтиды. Жаңа бағалар жыл соңына дейін күшінде болады.