МӘМС есебінен дәрігерлердің жалақысы 2,8 есе өсті — министр

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі енгізілгелі бері Қазақстанда медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы едәуір жақсарды. Бұл ең алдымен саланың қаржыландыруының ұлғаюымен тікелей байланысты. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова осылай деп мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, соңғы жеті жылда бір адамға арналған медициналық шығындар 98 мың теңгеден 258 мың теңгеге, яғни 2,6 есеге артқан. Бұл денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражаттың едәуір көбейгенін көрсетеді.
Сонымен қатар медицина қызметкерлерінің жалақысы да айтарлықтай өскен. Жалпы медициналық персоналдың орташа жалақысы шамамен 2,5 есе, ал дәрігерлердің жалақысы 2,8 есе – 159 мың теңгеден 442 мың теңгеге дейін көбейген.
«Медициналық көмектің қолжетімділігі артып, бастапқы деңгейдегі және консультациялық-диагностикалық қызметтер саны 2,7 есе ұлғайды. Бұл халыққа ерте диагностика мен сапалы амбулаториялық көмек көрсетуге жол ашты«, — деп мәлімдеді министр Үкімет отырысында.
Әлназарова МӘМС жүйесінің басты жетістіктерін де атап өтті. Сөзіне сенсек, «табысты адамның осал топқа жәрдемі» қағидасының іске асырылуы. Бұл әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етіп, азаматтардың барлығына бірдей медициналық қызмет алуға мүмкіндік берді.
Айта кетейік, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 2025 жылы медициналық ұйымдарға 1,6 трлн теңге төледі. Бұл жоспардың 55%-ы.