Жаңалықтар

2026 жылы электрондық денсаулық паспорттары іске қосылады — министр

паспорта
Жаңа жүйенің негізі біртұтас медициналық деректер қорынан тұрады / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Серікжан Қобланбаев

2026 жылы Қазақстанда электрондық денсаулық паспорттары қолжетімді болады. Осының арқасында қазақстандықтар зертханалық талдаулардың нәтижелерін, диагноздарды, дәрігер тағайындауларын және емделу тарихын онлайн режимде көре алады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.

Оның айтуынша, жаңа жүйенің негізі біртұтас медициналық деректер қорынан тұрады. Оны іске қосу 2025 жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Сол кезде азаматтарға өздерінің электрондық денсаулық паспорттарына қолжетімділік беріледі.

Сонымен қатар, Қазақстандағы ауруханаларда жасанды интеллект (ЖИ) технологиялары енгізілуде. Олар дәрігерлерге КТ, МРТ және рентген суреттерінен ауыр ауру белгілерін жылдам анықтауға көмектеседі.

Дегенмен, жасанды интеллект дәрігердің орнын алмастырмайды, ол тек шешім қабылдауды қолдап, медицинаны қолжетімдірек етеді. Кейбір емханаларда ЖИ ассистенттері дәрігерлердің жұмысын жеделдетуде.

Жасанды интеллекттің арқасында медицина қызметкерлерінің жүктемесі 40%-ға азайды, ал науқастардың цифрлық идентификациясы медициналық қызметтердің артық пайдалануын 7 млрд теңгеге дейін қысқартуға мүмкіндік берді.

Айта кетейік Қазақстанда электрондық денсаулық паспорттары туралы жоспарлар көп жылдан бері айтылып келеді. 2018 жылы экс-министр Елжан Біртанов оларды 2020 жылы енгізуге уәде берген еді. Ал 2019 жылы бұрынғы вице-министр Олжас Абишев жүйе іске қосылғанын және «паспорттар барлығының қолында» екенін мәлімдеген. Формальды түрде бұл сервис шынында да «Денсаулык 2016–2019» бағдарламасына кіріп, «Цифрлық Қазақстан» жобасымен үйлестірілген. 2020 жылы тіпті паспорттағы жалақы туралы мәліметтерге байланысты наразылықтар болған.