
Жаңа бақылау жүйесі енгізілгеннен кейін, Қазақстандағы ауруханаларда жалған тіркеу фактілері көбейіп кетті. Статистикамен алар болсақ, өткен жылмен салыстырғанда мұндай деректер 19 есе артқан. 2025 жылдың қыркүйегінде 502 млн теңгеге бұзушылықтар анықталды. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасы Айдын Құлсейітов мәлімдеді.
Жалған тіркеулер
Айдын Құлсейітовтің айтуынша, жалған тіркеу санының өзі де 17 есе азайған.
«Маусым айындағы пилоттық кезеңде жалған тіркеулер анықталған медициналық ұйымдардың үлесі 44% болса, тамызға қарай бұл көрсеткіш 18%-ке дейін төмендеді. Әсіресе, ірі бұзушылықтар санатында нәтиже айқын байқалады. Маусымда 43 ұйым 200 АЕК-тен асатын жалған тіркеулерге жол берсе, тамызда олардың саны нөлге дейін қысқарды», – деді ол.
Құлсейітовтің пікірінше, бұл динамика цифрлық мониторингтің бұзушылықтарды болдырмау мен қаражатты мақсатты пайдалануды қамтамасыз етудегі ең тиімді құрал екенін көрсетеді.
Qoldau 24/7
Осы орайда қазақстандықтар өздерінің жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) арқылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қандай қызметтерді төлегенін өздері қадағалай алады. Бұл мүмкіндік Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы қолжетімді. Қосымшадағы жеке кабинетте пациенттер өз мәртебесін тексеріп, төлемдер тарихын, ең бастысы, көрсетілген медициналық қызметтер тарихын көре алады.
«Қызмет жүйеде тіркелген соң, пациентке хабарлама келеді және ол қызметті алғанын не алмағанын растай алады. Егер пациент қызметті алса, оны ЭЦҚ көмегімен растайды және бірден сапасына 1-ден 5-ке дейін баға бере алады», – деді ӘМСҚ басшысы.
Егер пациент қызметті алмағанын көрсетсе, бұл жалған тіркеу болып есептеліп, қор автоматты түрде ресми тексерісті бастайды.
Еске салайық Үкімет жиынында Ақмарал Әлназарова сақтандырылмаған қазақстандықтар қандай скринингтерден тегін өте алатынын айтқан болатын.