Берденов ісі бойынша апелляциялық шағым қарала бастады

Жарияланды
Фото: Дилара Иса

Шымкент қалалық соты қала әкімінің бұрынғы орынбасары Руслан Берденовке 5 рет оқ атып, жаралаған Ернар Жиембайға қатысты үкімге келіспей екі тараптың түсірген апелляциялық шағымдарын қарай бастады. Бұған дейін сот Жиембай «Адам өлтіру» бабымен кінәлі деп танып, 9 жылға сотталған еді.

Сотқа сотталушы Жиембай айдауылмен жеткізілді. Сот бірінші сөзді жәбірленуші Берденовтің қорғаушысы Тынысбек Жеңіске берді. Бұл жолы да сот отырысына Берденов келмеді.

«Тергеу және сот тергеуінде сотталушы Жиембай Берденов кабинетіне шақырып алып, қаматамын, соттатамын дегенін айтты. Бірінші сатыдағы сот бұл сөздеріне мән берген жоқ. Біздің ойымызша, аталған уәждер оқ атуға негіз болған. Атқан кезде дене жарақатын салған және оны қызмет бабымен қатысты деп санауды сұраймын»,– деді Тынысбек Жеңіс.

Ол соттан істі 99-баптың 2 бөлігінің 2 және 6-тармағымен қайта қарауды және Жиембайдың апелляциялық шағымдарын қараусыз қалдыруды сұрады.

Жиембайдың қорғаушысы мұны негізсіз әрі заңсыз екенін айтты.

«Назар аударатын жағдай, бірінші сот сатысы мен алдын ала тыңдау барысында жәбірленушінің өкілімен осы талап-тілек қойылған. Ол бойынша сол кезде талқыланып, шешім қабылданған. Істі сотта қарағанда тағылған айыптан қандай да ауыр айып жасалғаны анықталатын болса онда сот тергеуі барысында айыптаушы тарап прокурормен тағылады. Прокурор айыпты ауырлату үшін жаңа айыптау актісін түзген жоқ. Бірінші сатылы сот тағылған айыптың шеңберінде үкім шығарды. Олай болса жәбірленуші тараптың апелляциялық шағымы негізсіз», – деді қорғаушы Мұсақұлов.

Айта кетейік, 21 сәуір күні қала әкімінің орынбасары 40 жастағы Руслан Берденовке қала әкімдігі ғимаратының маңында Ернар Жиембай оқ атып, жаралаған еді. 4 айдан соң сот оны «Адам өлтіру» бабымен кінәлі деп танып, 9 жылға түрмеге жапқан. Көп өтпей Берденов өз еркімен қала әкімі орынбасары қызметінен кеткен. Ол бұл қызметке ақпан айында келген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз