Жаңалықтар

Туысқан мүгедек інісін зорлаған ағайынды жігіттер 9 жылға сотталды

Фото: Дилара Иса

Түркістан облысы Келес ауданында туысқан мүгедек інісін зорлады деген айыппен ағайынды 3 жігітті 9 жылға сотталды. Сотталушылар кінәсін мойындамайды және үкіммен келіспейді.

Облыстық соттың дерегінше, сотталушылар Қылмыстық кодекстің «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер» бабымен, бірі бұл бапқа қоса «Ұрлық» бабымен айыпталған. Сот тергеуіне қарағанда, сотталушылардың бірі 2025 жылдың 7 ақпан күні жәбірленушінің үйіне ұрлыққа түскен. ІІ топ мүгедегі 24 жастағы жәбірленушінің дәрменсіз күйін көріп, онымен жыныстық қатынасқа түскен. Көп өтпей сотталушының үйіне жәбірленуші анасымен бірге моншаға түсуге келген. Осы кезде үш сотталушы алдын ала сөз байласып, кейіннен қосылған екеуі жәбірленушімен жыныстық қатынасқа түскен.

Жарыссөзде прокурор айыпталушыларды тағылған айып бойынша кінәлі деп танып, оларға 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер» бабымен бірге «Ұрлық» бабымен айыпталған сотталушы айыпты ішінара мойындаған. Зорлау дерегімен келіспейтінін жеткізген. Қалған екі сотталушы айыппен түбегейлі келіспей, ақтауды сұраған.

Ал жәбірленуші тарап соттан қатаң жаза тағайындауды және моральдық шығын ретінде 15 миллион теңге өндіріп беруді сұраған. Бірақ сот жазамен қоса сотталушылардан 5 миллион теңге моральдық шығын өндіруді міндеттеді.

Дегенмен жәбірленушінің анасы мен қорғаушылары сот үкімімен келіспейтіндерін, апелляциялық шағым түсіретіндерін мәлімдеді.