
Шығыс Қазақстан облысында алтынды екі жыл заңсыз өндіруге қатысқандар қамауға алынды.
Олардан тінту барысында жалпы құны 382 млн теңге 6,7 кг алтын, 10 млн теңге және 56 мың доллар қолма-қол ақша тәркіленді.
Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, Ұлан ауданы Шыбынды өзені аңғарында қымбат металдарды заңсыз өндіру және жер қойнауын өз бетінше пайдалану фактісі бойынша тергеп-тексеру жүріп жатыр.
«Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ директоры орынбасарларының бірі басқа адамдармен бірге әрекет етіп, кен орнын заңсыз игеруді ұйымдастырған.
Осы мақсатта олар өз бақылауындағы «EastGoldStone» ЖШС-ны тіркеп пайдаланған.
Алтын өндіру жұмыстары екі жыл бойы тиісті лицензиясыз, ауыр арнайы техниканы қолданып, өзеннің табиғи арнасына араласу арқылы жүргізілген. Салдарынан қоршаған ортаға келтірілген залал 300 млн теңгеден асты.
Күдіктілер 2 ай мерзімге қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.