Көпқабатты үйдегі терезеге қауіпсіздік құлпын орнату заңнамаға енгізіледі

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
SMM бөлімінің редакторы
Ерсайын Нағаспаев бұл норманың алынып тасталғанын жоққа шығарды/фото: shutterstock

Көпқабатты үйдегі терезелерге қауіпсіздік құлпын орнату заңнамаға енгізіледі. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев осылай дейді.

Бұған дейін мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бұл норманың Құрылыс кодексіне енбей қалғанын айтты.

«Барлық әлеуметтік нысан мен көпқабатты үйдегі терезелер қауіпсіздік құлпымен жабдықталуы керек деген норма қабылдадық. Өкінішке орай балалар терезеден құлап түсетін жағдайлар тіркелген. Көз алдымызда жүздеген бала солай өліп кетіп жатыр. Бірақ жаңа кодексті ашамын, ондай норма жоқ. Неге? Бұл мердігерлер үшін «қымбат», «тиімсіз» шығар», – деп атап өтті депутат.

Министр Нағаспаев бұл норманың алынбағанын, заң жобасы әлі екінші оқылымда қаралатынын мәлімдеді.

«Кодексте стратегиялық бағыттар айқындалады, жауапкершілік шаралары мен белгілі бір тетіктер белгіленеді. Тұрғын үй, әлеуметтік нысандардағы терезелерге құлып орнату кодексте қамтылатын мәселе емес, оның деңгейі басқа. Ал құлыптарға қатысты нақты талаптар кодекстен кейін қабылданатын нормативтік-құқықтық актілерде жазылады. Ол жерге бұл норманы толық енгізуге дайынбыз», – дейді Нағаспаев .

Сөзінше, енді бұл норманы кодекс деңгейінде не нормативтік акті деңгейінде қарастыру қажет пе деген мәселені шешу қажет.

«Екінші оқылымға дейін нақты шешеміз», – деді ол.

Сондай-ақ оқыңыз