Төрт өңір қыста жылусыз қалуы мүмкін

Елде бірнеше өңір жылу беру маусымына дайын емес. Бұл туралы Amanat партиясының депутаттары мәлімдеді.
Алайда олар нақты облыстарды атамаған, тек Арқалық пен Степногорск қалаларында мәселелер бар екенін жеткізген.
«Бірнеше өңірде 4 энергоблок, 32 қазандық және 19 турбина жөнделіп жатыр. Яғни, олар жылу беру маусымына дайын емес. Бізге уәде емес, нақты жаңғырту жобалары және олардың орындалуын қатаң бақыланғаны қажет. Бұл тұрғындардың тұрмыс сапасы мен билікке деген сеніміне тікелей әсер етеді», – деген депутат Берік Бейсенғалиев.
Партия хатшысы Ержан Жылқыбаевтың сөзінше, Екібастұз, Риддер, Степногорск қаласындағы апаттар шұрық-тесікті жамағаннан түбегейлі шешілмейді. Сол себепті елдегі барлық жылу желісін жаңғырту керек.
Тозығы жеткен нысандар
Елдегі ЖЭО-ның 76%-ы 50 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп тұр. Жылу желілерінің 52%-дан астамы тозған. Арқалықта жылу желілерінің 70%-ы тозып кеткен. Тұрғындар мен жергілікті билік жылу құбырларын жөндеуге 750 миллион теңге сұрап отыр, алайда қаражат әлі бөлінбеген. Мердігер жұмыстың бір бөлігін өз қаражатына жүргізген, жауапты орган қазанның ортасына дейін қаржы түседі деп уәде еткен.
Халықты отынмен қамтамасыз ету мәселесі де көтерілген. Жылыту маусымына 7,4 млн тонна көмір қажет. Қазірге дейік тек 5 тоннасы жиналған. Жалпы көмірдің 1,6 млн тоннасы тұрғындардың қажетіне арналған. Алайда көмір бағасының өсуі, әсіресе шалғай аймақтардағы қымбатшылық алаңдатады. Ол жерде бір тонна көмір 30-35 мың теңге тұрады. Қазір көмір бағасын реттеуге қатысты заңнамаға түзетулер енгізу қарастырылып жатыр.
Мәселе қалай шешіліп жатыр?
Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың айтуынша, биыл 323 шақырым жылу желісіне күрделі жөндеу жүргізу көзделген, оның 95%-ы аяқталды.
«Солтүстік өңірлердің көпшілігі жылыту маусымына толық дайын, ал Орал, Аягөз және Сәтбаев қалаларындағы жекелеген учаскедегі мәселелер жақын арада шешіледі», – деді ол.
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов ұлттық жоба аясында келешекте 13 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланып отырғанын айтты. Бұл желілердің тозуын 40%-ға дейін төмендетеді.
Жылу берілген өңірлер
Астанада 28 қыркүйектен бастап жылу берілді. Ал Алматыда 8 қазаннан бастап әлеуметтік нысандарға жылу беріледі.
Таразда жылыту маусымы 6 қазанда, Талдықорғанда 7 қазан басталды.