
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) банктерді құтқару үшін арнайы қор құрылмайтынын мәлімдеді. Дегенмен, егер жүйе үшін маңызды банкті құтқарам деп мемлекет шығынға ұшыраса, сол шығынды өтеу үшін бүкіл екінші деңгейлі банктерден міндетті жарна алынатын болады. Бұл қаражат, алдын ала болжам бойынша, Қаржы министрлігінің арнайы шотына аударылмақ.
Бұл туралы Қазақстанның миноритар акционерлер қауымдастығы ҚНРДА мен нарық қатысушыларының кездесуіне сілтеме жасап хабарлады. Агенттік банк жүйесіндегі маңызды банктердің тізімін жарияламайтынын атап өткен. Себебі мұндай ақпарат өтімділіктің ауысуы мен нарықтағы дүрбелеңге әкеп соғуы мүмкін.
Жаңа механизмге қатысты кейбір сарапшылар сын пікір білдіріп, реттеуші тарапынан бұл мәселе кеңінен талқыланбағанын айтқан болатын.
Бұған дейін ҚНРДА төрағасының бірінші орынбасары Тимур Әбілқасымов өз сұхбатында қолға алынатын жаңа тетік қор құруды көздемейтінін түсіндіріп өткен.
«Бұл дәстүрлі мағынадағы қор емес. Идея мүлде басқа, банктер мемлекет нақты шығын шеккен жағдайда ғана оған қатысады. Бұл – дағдарыс кезіндегі іс-қимылдың ашық әрі әділ тәртібін бекітуге арналған жүйе», – деді ол.
Агенттік өкілдері халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, TLAC (Total Loss Absorbing Capacity) стандарты бойынша банк шығыны акционерлер мен инвесторлар есебінен өтелетінін түсіндірді. Бұл қағида бойынша барлық инвесторлар, соның ішінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) мен жеке тұлғалар, тең құқыққа ие.
Жаңа заң жобасында бұрынғыдай мемлекеттік қолдау: субординацияланған облигациялар мен бюджет несиесі берілмейді. Мемлекеттің араласуы тек уақытша сипатта болады және банк менеджменті мен меншік иелері толық ауыстырылуы тиіс.
Мемлекет қатысқан кезеңде дивиденд төлеу, бонус беру және операцияларды кеңейтуге тыйым салынады. Мұндай тәсілдің мақсаты – банктердің өз жауапкершілігін арттыру және «моральдық тәуекелді» жою.
Агенттік мәліметінше, банктердің жарна мөлшері міндеттемелерінің 0,2%-ынан аспайды. Оның есептеу әдістемесі мен төлеу мерзімдері Ұлттық банкпен бірлесіп анықталады.