
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржыны басқарып отырған Ұлттық банк тамыз айында Отбасы банкінің борыштық қағаздарына ірі көлемде қаржы салды. Ресми дерекке сүйенсек, тамызда Ұлттық банк жалпы сомасы 71,9 млр теңгеге «Отбасы банктің» облигацияларын сатып алған. Жаңа шығарылымдардың орташа табыстылығы жылдық 18% деңгейде бекітілген.
Тамыз айында екінші деңгейлі банктердің облигацияларына қатысты портфельдің жалпы құны 0,69 млрд теңгеге азайып, 681,1 млрд теңгені құрады. Жалпы портфельдің жалпы құрылымындағы үлесі 2,78% болды.
Сол кезеңде ForteBank облигациялары бойынша негізгі қарыздың 49,96 млрд теңгесі өтелген. Ал банктердің бағалы қағаздарын сату операциялары жүргізілмеген.
Басқарушы компаниялар қандай инвесттабыс алған?
2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық портфелі 24,5 трлн теңгені құрады. Зейнетақы активтерін бірнеше инвестициялық басқарушы компаниялар басқарады. Негізгі басқарушылар қатарында Ұлттық банк, Halyk Finance, BCC Invest, Halyk Global Markets, Alatau City Invest және Сентрас Секьюритиз бар.
Ұлттық банк басқаруындағы активтердің көлемі 24,46 трлн теңгеге жетті. 2025 жылдың басынан бері 1,3 трлн теңге, соңғы 12 айда 2,7 трлн теңге инвестициялық табыс алынған. Тиісінше, табыстылық 5,43% және 12,60% деңгейінде қалыптасты.
BCC Invest басқаруындағы активтердің көлемі 7,67 млрд теңгені құрады. Жыл басынан бергі инвестициялық табыс – 0,47 млрд теңге, соңғы 12 айдағы табыс – 0,76 млрд теңге. Табыстылық деңгейі сәйкесінше 7,10% және 12,85% болды.
Halyk Global Markets 6,42 млрд теңге активті басқарады. Компания жыл басынан 0,35 млрд теңге, соңғы 12 айда 0,66 млрд теңге инвестициялық табыс тапты. Портфельдің табыстылығы 5,76% және 12,59% деңгейінде қалыптасты.
Alatau City Invest басқаруындағы активтер көлемі 12,74 млрд теңгеге жетті. Жыл басынан бергі инвестициялық табыс 0,71 млрд теңге, соңғы 12 айда – 1,23 млрд теңге. Тиісінше, табыстылық 5,69% және 10,94% болды.
Сентрас Секьюритиз 2,98 млрд теңге көлеміндегі активті басқарады. Компанияның 2025 жылдың басынан бергі инвесттабысы – 0,24 млрд теңге, соңғы 12 айдағы табысы 0,34 млрд теңге. Табыстылық көрсеткіші 9,88% және 16,14% деңгейінде тіркелді.
Halyk Finance 38,55 млрд теңге активті басқарып отыр. 2025 жылдың басынан бергі инвестициялық табыс 2,18 млрд теңгені, ал соңғы 12 айдағы табыс 5,14 млрд теңгені құрады. Табыстылық көрсеткіші 5,64% және 13,25% деңгейінде болды.
Жалпы алғанда, зейнетақы активтерін басқарушылардың жыл басынан бергі табыстылығы 5–7% аралығында, ал соңғы 12 айдағы орташа табыстылық шамамен 12–13% деңгейінде болды. Ең жоғары жылдық табысты Сентрас Секьюритиз көрсетті – 16,14%.
Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы зейнетақы қаржысын жеке басқарушы компанияларға көбірек беру керек деп мәлімдеген.