Жаңалықтар

Qarmet металлургия комбинатын газдандыру жұмыстарын жалғастырып жатыр

Qarmet компаниясын тұрақты жаңғырту бағдарламасы аясында 30 қыркүйек күні №3 домна пешіне табиғи газ сәтті берілді. Еске сала кетейік, бұған дейін 29 тамызда табиғи газ алғаш рет №2 домна пеші мен №1 табақ илеу цехының әдістемелік пештеріне жеткізілген болатын.

Мамандар газ беру жүйесін толықтай іске қосты. Газ қалай беріледі, қалай жанады, шығын өлшегіштер мен датчиктер қандай көрсеткіштерді тіркейтініне дейінгі әрбір элемент бақылауды қажет етеді. Заманауи жүйе электрлендірілген клапандар арқылы әрбір фурмаға газ беруді реттеуге мүмкіндік береді. Енді бұл процесті дәл бақылауға және өзгерістерге жылдам әрекет етуге жол ашады.

«Әрине, жігіттердің эмоциясында шек жоқ– бұл домна өндірісінде біз үшін мүлде жаңа шешім. Әр элементке мұқият қарау маңызды. Алайда бұл тарихи сәтті өмір бойы күттік: табиғи газ – бейтарап отын, ол бізге жаңа мүмкіндіктер береді», – деп  №3 домна пешінің бастығы Ақан Еспотаев ойымен бөлісті.

Мазутпен салыстырғанда энергиялық тиімділігі жоғары болуы есебінен табиғи газға көшу Qarmet компаниясына домна процесінің өнімділігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.  Сонымен қатар бұл өзгеріс кокс шығынын азайтуға, бұл өз кезегінде металлургиялық өндірісті оңтайландыруға ықпал етеді. Ең бастысы – табиғи газдың экологиялық жағынан таза отын болуы арқасында қоршаған ортаға түсетін әсерді азайтуға септігін тигізеді.