
Air Astana әуе компаниясының директорлар кеңесі ұйымның бас директоры әрі директорлар кеңесінің мүшесі Питер Фостер 2026 жылдың наурыз айының соңында қызметінен кететінін хабарлады. Алайда компаниямен байланысын сақтап, директорлар кеңесінің аға кеңесшісі ретінде жұмысын жалғастырады.
Компанияның қаржы директоры Ибрахим Джанлиел Air Astana-ның жаңа бас директоры болып тағайындалады.
Air Astanа директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Жақұпов Питер Фостердің ұзақ жылғы еңбегіне жоғары баға берді:
«Директорлар кеңесі Питер Фостерге компанияны 20 жыл бойы басқарудағы ерекше еңбегі үшін зор алғыс білдіреді. Air Astana-ны бастапқы даму кезеңінен бүгінгі деңгейіне дейін жеткізіп, оны Қазақстан мен Орталық Азиядағы жетекші әуе компаниясына айналдырды. Сонымен қатар, Air Astana бүгінде әлемдік авиация индустриясында да беделді брендке айналды», — деді Нұрлан Жақұпов.
Жақұпов сондай-ақ жаңа бас директор ретінде Ибрахим Джанлиелді жылы қарсы алды:
«Ибрахим Джанлиел 2003 жылдан бері Air Astana тобында қызмет етіп келеді. Бастапқыда коммерциялық бағыттарда жұмыс істеп, кейін 2017 жылдан бері қаржы директоры қызметін атқарып келеді. Оның үлесі зор, әрі компания мен авиация саласын терең біледі. Директорлар кеңесі оның компанияны әрі қарай да тұрақты өсім мен табысқа жеткізетініне толық сенімді», — деді ол.
Еске сала кетейік, бүған дейін Питер Фостердің жұбайы Татьяна Фостер әуе билеттерінің неге қымбат екендігін түсіндірген еді.