Lifestyle

Димаш Құдайберген Нью-Йорктегі концерт туралы деректі фильм дайындап жатыр

Димаш Құдайберген деректі фильм дайындап жатыр / фото: dimashnews

Әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Нью-Йорктегі Madison Square Garden сахнасындағы концерті жайлы деректі фильм дайындап жатыр. Бұл туралы DimashNews хабарлады.

«Мыңдаған жүрек. Бір тыныс. Бұл түн тарихта да, менің жанымда да мәңгі қалады. Арманыммен бірге болған баршаңызға алғыс айтамын. Менің командам, музыканттар, көрермендер және осы сапарға сенген әр адам. Музыка бізді Қазақстаннан Америкаға, жүректен жүрекке, рухтан рухқа біріктірді», – деп жазды Димаш концерттен кейін өзінің Instagram парақшасында.

Madison Square Garden сахнасындағы жеке концерттің финалында Димаш үш жылдан астам уақыт бойы жазылған авторлық туындысын орындады. Бұл шығарма төрт негізгі діннің музыкалық және тарихи элементтерін біріктіріп, терең мағыналы символикамен өрілді. Композиция 2022 жылдың 23 қыркүйегінде Алматыда басталған «Stranger» турының бағдарламасына енген.

Көрермендердің ұзаққа созылған қошеметі залдағы ерекше атмосфераны көрсетті.

Әнші өзінің тыңдармандарына жолдаған хабарламасында Нью-Йорктегі концерт туралы «Арман тарихқа айналғанда» («When a Dream Becomes History») атты деректі фильм дайындап жатқанын мәлімдеді.

Айта кетсек, бұған дейін Димашты Мехико әуежайында жанкүйерлері ерекше ықыласпен қарсы алған болатын.