Lifestyle

Дженнифер Лопес Алматыдағы шегірткені еске алды

Джей Ло, Казахстан, кузнечик
Дженнифер Лопeс Алматыдағы шегірткені еске алды / фото: ашық дереккөз

Әлемге әйгілі америкалық әнші Дженнифер Лопес Алматыдағы концерті кезінде болған күлкілі жағдай туралы айтты. Әртіс бұл сәтті Джимми Фэллон жүргізетін әйгілі The Tonight Show бағдарламасында еске алды.

10 тамызда Алматының Орталық стадионында өткен шоу кезінде ән айтып тұрған Джей Лоның үстіне кенеттен шегіртке секіріп шыққан еді. Бұл сәтті көрермендер видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерде бірден таратып жіберген.

Бағдарлама барысында Дженнифер Лопес сол сәттің видеосын көріп, күлкіге қарық болды.

«Алғашында мен не болғанын түсінбедім. Бірдеңе денеме тигендей болды да, «мүмкін, жарыққа жиналған бір жәндік шығар» деп ойладым. Бірақ кетпей, өрмелеп бара жатқанын сездім!» — деп еске алды әнші.

Көрермендер Лопестің сол сәттегі сабырлылығына тәнті болды.

Әнші мұндай күтпеген жағдайлардың тірі концерттерде жиі болатынын айтты.

«Сахнада не болатынын ешқашан алдын ала білмейсің. Ең бастысы, көрерменге шоу сыйлау», — деді Лопес.

Айта кетейік, 10 тамызда Алматыда Дженнифер Лопестің концерті өтті.