Жаңалықтар

Дариға Бадықованың бұрынғы күйеуі өзіне-өзі қол жұмсауға дейін барғанын айтты

Дариға Бадықованың бұрынғы күйеуі ашық сот өткізуге шақырып отыр / фото: ашық дереккөз
Дариға Бадықованың бұрынғы күйеуі ашық сот өткізуге шақырып отыр / фото: ашық дереккөз

Дариға Бадықованың бұрынғы күйеуі Дархан Мұсаев өзіне-өзі қол жұмсауға дейін барғанын айтып, ашық сот өткізгісі келетінін хабарлады.

«Сол уақытқа дейін менің қандай күйде болғанымды өзім және бір Алладан басқа ешкім білмейді. Сол уақыт арасында өзіме-өзім қол жұмсауға дейін бардым. Тойға, киноға бару былай тұрсын, көшеге шығудан қалдым. Әр адамға мазақ болғанымша, сотталып кеткенім артық», – деді Дархан Мұсаев.  

Оның сөзіне қарағанда, сотта өз ақиқатын айтуға әзір. Керек болса, өтірікті анықтайтын детекторға отыруға дайын екенін жеткізді.  

Сонымен қатар Дархан Мұсаев Нұрсейіт Жылқышыбайға сұхбат бергені үшін бұрынғы әйелі үстінен арыз түсіп жатқанын да жасырмады.  

«Ақиқатты айтқаным үшін ату жазасына кетсем де, шындықты айтып, соңына дейін күресемін. Мені айтқан ақиқатым үшін жауапкершілікке тартқысы келсе, бір айтар өтінішім бар. Барлық болатын дүниені бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен  ашық түрде жариялап, халыққа көрсетуді қамтамасыз етейік», – деді Бадықованың бұрынғы күйеуі.  

Адвокат Айгүл Орынбек Дархан Мұсаевтың үстінен ресми түрде арыз түсіргенін хабарлады.

«Дариға барынша сабырлық пен түсіністік танытып келді. Бірақ отбасылық құпияны жария ету, жеке хат алмасулар мен аудио-видеожазбаларды көпшілікке таратамын деп мәлімдеу –  бұл адамның ар-намысына тиіп қана қоймай, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін әрекет! Мұндай әрекет – бопсалау мен қысым көрсетудің айқын көрінісі», – деді адвокат.

Мұның алдында Дариға Бадықованың бұрынғы күйеуінің үстінен екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалуы әбден мүмкін екенін хабарлаған едік.