
Мектеп пен балабақша тұрғын үймен бірге қатар салынуы керек. Әрбір тұрғын үй терезелерінде қауіпсіздік құлпы болуы тиіс. Бұл әлеуметтік маңызды нормалар, бірақ жаңа әзірленген Құрылыс кодексінде олардың бірі жоқ. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов осындай сын айтты
Мектеп пен балабақша болмаса, тұрғын үй не керек?
Депутаттың сөзінше, былтыр мәжілісте мектеп пен балабақша тұрғын үймен бірге салынуы керек деген түзету қабылданған. Бірақ жаңа кодексте ол норма жоқ. Бұл кімге пайдалы деген сұрақ қояды Аймағамбетов.
«Өткен жылы осы жерде мектеп, балабақша және емханасыз көппәтерлі тұрғын үй құрылысын бастауға тыйым салатын норманы бекіттік. Бұл норма енді ғана жұмыс істеп келеді. Бірақ Құрылыс кодексінің жобасында ол норма жоқ. Неге, ол кімге пайдалы? Бұл шынайы болып жатқан нәрсе ғой. Бүгінде мыңдаған отбасы тұрғын үй кешеніне орналасады, бірақ балалар оқитын мектеп жоқ. Біз заңда мектеп, балабақша және емхана болмаса, құрылысқа тыйым салуды нақты ұсынған едік», – деді ол.
Бала өмірін қорғау мердігерлер үшін тым қымбат па?
Асхат Аймағамбетов терезедегі қауіпсіздік мәселесін көтерді.
«Барлық әлеуметтік нысан мен көпқабатты үйдегі терезелер қауіпсіздік құлпымен жабдықталуы керек деген норма қабылдадық. Өкінішке орай, балалар терезеден құлап түсетін жағдайлар тіркелген. Көз алдымызда жүздеген бала солай өліп кетіп жатыр. Бірақ жаңа кодексті ашамын, ондай норма жоқ. Неге? Бұл, бәлкім мердігерлер үшін «қымбат», «тиімсіз» шығар», – деп атап өтті депутат.
Ол қауіпсіздік құлпы міндетті түрде терезеде болсын деген норма Құрылыс кодексінде бекітілсін деп есептейді.
Сондай-ақ депутат кәсіпкер мен әкімдік арасындағы меморандумдарды сынға алды. Олардың заңды күші жоқ, тек «жәй қағаз» деді ол.
«Мердігерлер көп жағдайда әкімдікпен меморандумға отырады. Бізге үй салуға рұқсат беріңіз, сосын мектеп саламыз, инфрақұрылымды қамтамасыз етеміз дейді. Бірақ іс жүзінде ол меморандумдар – жәй қағаз. Ешқайсысы бекітілмеген, заңды күші жоқ», – деді ол.
Сол үшін Аймағамбетов мердігерлерді заңмен міндеттейтін мехнизм қосуды ұсынды.
Айта кетейік, бүгін құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәжілісте жаңа Құрылыс кодексін таныстырды. Құжаттағы өзгерістер жайлы мына жерден оқи аласыздар.