Химия бойынша Нобель сыйлығы иегерлері анықталды

2025 жылғы химия саласындағы Нобель сыйлығын жапон ғалымы Сусуму Китагава, австралиялық Ричард Робсон және иорданиялық түбірі бар америкалық Омар Яги иеленді. Олар «металл-органикалық қаңқаларды» (metal-organic frameworks, MOF) жасау бойынша еңбектері үшін марапатталды.
Нобель комитетінің хабарламасында айтылғандай, ғалымдар молекулалардың ішкі кеңістігі бар ерекше құрылымын жасап шығарған. Сол кеңістіктер арқылы газдар мен басқа да химиялық заттар еркін өте алады. Мұндай құрылымдар ауадан су жинауға, көмірқышқыл газын ұстап қалуға, улы газдарды сақтауға немесе химиялық реакцияларды жылдамдатуға қолданылуы мүмкін.
Нобель комитетінің төрағасы Хайнер Линкенің айтуынша, «металл-органикалық қаңқалар» болашақта ерекше қасиеттері бар жаңа материалдар жасауға жол ашады.
Физиология және медицина саласындағы Нобель сыйлығы шеткі иммундық толеранттыққа қатысты революциялық жаңалық ашқан ғалымдарға берді. Ал физикадағы марапатты электр тізбегіндегі энергияның квантталуын ашқан ғалымдар алды.