
8 қазанда мәжілісте Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев жаңа Құрылыс кодексін таныстырды. Осы уақытқа дейін қолданып келген заңнама 25 жыл ішінде 130 рет өзгерген. Енді қабылданатын құжатқа тағы жаңа өзгерістер енгізілді, оның негізгілерін ұсынамыз.
Қала құрылысын жоспарлау
Министрдің түсіндіруінше, бұрын тек қаланың Бас жоспары ғана міндетті сараптамадан өтетін. Ал қала ішіндегі құрылыс жобалары жергілікті деңгейде әкімнің шешімімен бекітіліп, тексеріссіз қабылданатын.
Осы олқылықты жою үшін 2024 жылдан бастап барлық әзірленіп жатқан немесе түзетілетін қала құрылыс жобалары, оның ішінде нақты жобалау жоспарлары арнайы сараптамадан өтеді. Яғни, бұдан былай, құрылыс құжаттарына сәйкес келмейтін нысандарды жобалау мен салуға рұқсат берілмейді.
Аталған шара сапасыз әрі заңға қайшы жобаларды уақытылы анықтауға, жобалау қателері мен жемқорлықты болдырмауға және құжаттардың ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Кодекс аясында құрылыс жобаларының орындалуын қосымша бақылау үшін Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін (АИС ГГК) енгізу көзделіп отыр.
Сейсмикалық аймақтардың қала құрылысын жоспарлау ерекшеліктері
Ведомствоның мәліметінше, Қазақстан сейсмикалық қауіптілігі жоғары елдердің қатарында. Ел аумағының 45% астамы жойқын жер сілкініс қаупі бар аймақтарға жатады. Әсіресе, Алматы қаласы мен Алматы облысы, сондай-ақ халық пен инфрақұрылым шоғырланған Жамбыл, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары.
Осыған байланысты ұлттық қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету мақсатында жаңа Құрылыс кодексінде сейсмикалық қауіпсіздікке қатысты жеке тарау енгізіледі. Оған сәйкес аймақтың ерекшелігі мен нысандардың сипатына қарай тәуекел карталары жасалады. Ғимараттардың төзімділігін бағалау мен қауіпті өңірлердегі нысандарға техникалық паспорт дайындалады.
Сондай-ақ арнайы сейсмикалық микроаймақтарға бөлініп, ол картаны қала құрылысын жоспарлау кезінде міндетті түрде пайдаланады.
Лицензиаттардың электрондық тізілімі құрылады
Министрліктің мәліметінше, қазір елімізде 80 мыңға жуық компанияға құрылыс-монтаж жұмыстарымен айналысуға, жобалауға лицензия берілген. Бірақ зерттеу кезінде көптеген компаниялар мен лицензиялардың тек қағаз жүзінде ғана бар екені анықталды.
Олардың басым бөлігінде өндірістік база да, білікті инженерлер де, нақты жобаларға қатысу тәжірибесі де жоқ.
Осы мәселені шешу үшін мемлекеттік ақпараттық жүйелермен өзара біріккен лицензиаттардың электрондық тізілімі құрылады.
Ол берілген барлық рұқсаттарды қайта қарап, заң талаптарына сәйкестігін автоматты түрде тексереді. Сәйкес келмейтін компанияларды тізілімге енбейді.
Тәртіпті күшейту үшін ереже бұзған компанияларға қатысты ортақ жауапкершілік енгізіледі. Егер ірі заң бұзу факті анықталса, мұндай компанияларға құрылыс саласында жұмыс істеуге тыйым салу көзделген.
Сондай-ақ сарапшылар мен инженерлердің біліктілік деңгейін бағалау үшін сертификаттау жүйесі әзірленеді. Ол Еуроодақтың озық тәжірибесіне сүйене отырып жасалмақ. Аттестаттауды мемлекет емес тәуелсіз ұйымдар жүзеге асырады деп түсіндірді министр.
Ұлттық техникалық нормалау институты құрылады
Құрылыс саласындағы көптеген ереже мен норманы заман талабына сай бейімдеу үшін Кодекс аясында Ұлттық техникалық нормалау институтын құру жоспарлануда. Ол нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру ісін өз қолына алады.
Бұдан басқа, құрылыс, сәулет, инженерлік жүйелер, құрылыс материалдары сияқты бағыттар бойынша арнайы техникалық комитеттер құру көзделген. Ол комитеттерге кәсіби мамандар, ғылыми ұйымдар, бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдар қатысады.
Бірыңғай ақпараттық жүйе әзірленеді
Жаңа кодек аясында жыл соңына дейін құрылыс саласындағы барлық процесті толық цифрландыруды қамтамасыз ететін Бірыңғай ақпараттық жүйе әзірленбекші.
Яғни, құрылыс саласындағы барлық қызмет «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетіледі. Парталда барлық дербес жүйеге сілтемелер болады және жұмысты ыңғайлы ету үшін EGOV жүйесі арқылы бірыңғай авторизация енгізіледі.
Порталда құрылыс нысанының барлық кезеңі қамтылып, басты назар құрылыс жұмыстарының ашықтығы мен сапасына аударылады деп атап өтті министр.
Ерсайын Нағаспаевтың сөзінше, жаңа Құрылыс кодексі қабылдау арқылы елдегі кешенді құрылыс жобаларына халықаралық стандартты енгізуіге мүмкіндік бар. құрылыс нарығындағы монополия төмендетіліп, бәсекелестікке қолайлы жағдай жасалады.
Неге жаңа кодекс әзірленді?
Қазіргі Құрылыс кодексін былтыр президент сынға алған еді. Ол кодекстің жобасы қойылған талапқа сай келмейтінін айтып, Қала құрылысы туралы кодекс әзірлеуді тапсырған.
2024 жылы 8 қазанда Құрылыс кодексі жобасына бөлінген қаржы негізсіз жұмсалды деген уәж айтты. Оның сөзінше, құжатты дайындауға 291 млн теңге кеткен.