Банк пен қаржы

Алтын бағасы алғаш рет 4 мың доллардан асты

Алтын бағасы / фото: shutterstock
2025 жылы алтын бағасы 52%-ға көтерілді / фото: shutterstock

8 қазанда алтынның бір унциясының бағасы тарихта алғаш рет 4 мың доллардан асты. Қазір ол 4 012,25 доллардан саудаланып жатыр.

Алтын бағасының көтерілуінің бірнеше себебі бар: әлемдегі геосаяси ахуалдың шиеленісуі, экономикадағы тұрақсыздық. Бұған қоса, АҚШ үкіметі жұмысының тоқтап қалуы қымбат металл құнының одан бетер көтерілуіне әсер етті.

Сейсенбі, 7 қазан күні Құрама Штаттар Конгрессі бюджет туралы заңды тағы да қабылдай алмады. Соған байланысты Америкадағы шатдаун тағы біраз уақытқа созылатын болды. Қауіпсіз актив іздеген инвесторлар алтынды көптеп сатып алуға көшті. Әлемнің бас банктері де ертеңгі күнді ойлап, алтын қорын көбейтіп жатыр.

Reuters мәліметінше, жыл басынан бері алтын бағасы 52%-ға көтерілді. Ал 2024 жылы ол 27% болған.

«Қазір сауданың осы түріне сенім көп. Нарық енді оның 5 мың долларды еңсеруін күтеді», – дейді тәуелсіз металл трейдері Тай Вонг.

Бір күн бұрын Goldman Sachs алтынның бір унциясының 2026 жылғы желтоқсандағы бағасы 4900 доллар болады деп болжады. Халықаралық банктің мәліметінше, әлем елдерінің орталық банктері биыл орташа есеппен 80 тонна, ал 2026 жылы 70 тонна алтын сатып алады.

Қазақстан да алтынды ең тұрақты актив деп есептейді. Мәселен, Ұлттық банк биыл тамызда әлемде алтынды көп сатып алушы мекеме атанған. Сегіз айда елдің алтын қоры 8 тоннаға артып, 316 тоннаға жеткен.

Айта кетейік, BTC 6 қазан күні 126 мың доллардан жоғары көтеріліп, тағы бір тарихи рекорд орнатқан. Криптовалютаның осы түрі де қауіпсіз актив санатына кіріп үлгерді.

Алтын қымбат. Бағалы құйманы қайдан алып, қалай сақтау керектігін білгіңіз келсе, Kursiv.Media материалын оқыңыз.